4 балалы әйел: 8 жыл күйеуім ұрғаннан иығым, қолым сынып, жұмысқа жарамсызбын
- автор Томирис Тоныкөк
- 12 мамыр, 2024
- 3.3k
Күйеуінің озбырлығынан шаршаған жас келіншек өз күйеуінің қылығын Бишімбаевпен салыстырды. Оның айтуынша, жұбайы саусағын сындырып, пышақ ала жүгірген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Күйеулері аяқ-қолын сындырып, өлтіре жаздаған әйелдердің жан-айқайын Qazaq airan редакциясы дағдарыс орталығының біріне барып аруларды тыңдап қайтқан.
“Үйдегі ұрыс-керістен, абьюзерлік қарым-қатынастан, балаларға деген көзқарасы өзгеріп кеткендіктен осында келдік. Ұрыс ақша жетіспеушіліктен болды. Ашуын бізден алатын. Әйелді ұруға болмайды деген заң шыққаннан кейін ұруын қойған. Бірақ ол балаларды ұра бастады. Менің де күйеуім Бишімбаев сияқты біреу екенін түсіндім. Содан тағы бір жерімді сындырмай тұрып кетіп қалайын деген ой болды. Ешқайда бара алмаймын деп ойлайтынмын”,- дейді әйелдің бірі мұңын шағып.
Күйеуінің тепкісіне сегіз жыл бойы шыдап келген әйелдің көрмеген қорлығы жоқ. Сөзінше, оны аяусыз соққыға жыққан. Тіпті иығына дейін сындырыпты.
“Сегіз жылдан бері ұрып келеді. Иығым, саусақтарым шыққан. Шынын айтқанда ауыр жұмысқа денсаулығым жарамайды. Бірде анасы келді, сәлемімді салып күтіп алдым. Бір уақытта хабарласып бір жерде 5000 теңге тұрғанын айтып, соны бер деді. Сол кезде маған "түсіндің ба?" деп бірдеңе айтты. Мен "иә" дей салдым. Сөйтсем түсіндім деп айтуым керек екен. Сол сөзді айтпғаным үшін кешке келіп ұра бастады. Шашымды тартты. Қолымдағы телефонмен басымнан ұра бастады, ісіп кетті. Қолыммен қорынып едім саусағымды бұрап жіберді. Аяғымен теуіп жібергенде есімнен тана бастадым. Бірақ жұлқылап оятып қайта ұра бастады. Сол кезде пышақ ала жүгірді”, - дейді келіншек жылап.
Дағдарыс орталығындағы басқа келіншектер де күйеуінің тепкісіне шыдай алмай қашып келгендер екен.