“Сенің оған не еңбегің сіңді?”: Зейнеп Ахметова бір-бірін жақтырмайтын ене мен келіндерге ақыл-кеңесін айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 12 мамыр, 2024
- 1.8k
Белгілі жазушы, әрі қалың жұртқа Бауыржан Момышұлының келіні ретінде таныс Зейнеп Ахметова Шымкент жұртшылығымен кездесу өткізді. Сырласу кешінде жазушы салт-дәстүрімізді жоққа шығарып жүргендерге және ене мен келінге қатысты тақырыптарды қозғады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі “Қазақпарат” сайтына сілтеме жасап.
«Қайырымды қала құндылықтары» жобасы аясындағы «Ер — елдің иесі, әйел — үйдің киесі» атты кездесуде жазушы алдымен Бауыржан Момышұлы туралы естеліктерін сөз етті.
Қазақ халқының салт-дәстүрі керемет екенін атап өткен Зейнеп Ахметова бұл дәстүрлер өмірлік тәжірибе мен тіршіліктен пайда болғанын айтты.
«Қазақта "Ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме" деген керемет сөз бар. Өкінішке қарай, бізде кейде сол ықтырма болмай жатыр. Ол ең алдымен сенің тілің, сол тіл арқылы таралатын ұлттық қадір-қасиетің, менталитетің, салт-дәстүр, әдет-ғұрпың. Біз қалаймыз ба, қаламаймыз ба, жаһандану заманы жан ұшырып келіп жатыр. Бір уыс қазақ жұтылып кетпес үшін не керек? Әрине, тосқауыл керек. Ол — айтып өткенімдей, сенің тілің, салт-дәстүр, әдет-ғұрпың мен қазақтық қасиетің. Осы ғана ұлтты сақтап қалады деп ойлаймын», - деді жазушы.
Кездесуде Зейнеп Ахметова ене мен келін қарым-қатынасына да тоқталып, енелер мен келіндерге кеңесін берді.
«Бір үйде отырып, ырың-жырың боп келіні енесін немесе енесі келінін жамандап жатады. Келінін жамандайтын енелерге айтарым, сенің оған не еңбегің сіңді? Оны біреу туды, алақанға салып өсірді, аялады, оқытты, жеткізді. Сенің қолыңа дап-дайын күйде ұстата салды. Енді оған ие бола алмасаң, кімге ренжисің? Келін — сенің өкшебасарың, сенің мұрагерің. Осыны түсіну керек. Сол үшін сен келінді тәрбиеле. Сенің әулетіңді өсіретін, сен ұстаған дүниеге ие боп қалатын сол келін ғой. Егер сен кем-кетігін жөндей алмасаң, келінді өзіңе ізбасар, мұрагер етіп тәрбиелей алмасаң, онда кімсің? Ал енесін жамандайтын келіндерге айтарым, күйеуің сондай жақсы екен, бірақ енем жаман дейсің. Сол керемет жақсы жігітті өмірге әкеліп, сондай жақсы етіп өсіріп, тәрбелеген сол енең емес пе? Сондықтан енең басы елге, аяғы жерге сыймайтын сұмырай болса да, сол жақсы жігітті саған туып бергені үшін оның алдынан қия өтпей, кебісіне аяғыңды сұқпауың керек. Ене мен келіндерге айтар бар ережем осы», - деп сөзін түйді Зейнеп Ахметова.
Айта кетейік, Шымкентте «Қайырымды қала құндылықтары» жобасы аясында түрлі саланың танымал өкілдерімен кездесулер тұрақты түрде өткізілетін болады.