Абай облысындағы ірі орман өрті: 14 адамның өліміне кінәлі деп айыпталған екі қызметкерге сот үкімі шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- 13 мамыр, 2024
- 445
Абай облыстық Бородулиха аудандық соты 14 адамның өліміне әкеп соқтырған «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының екі қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
«Семей орманы» резерватында және Жаңашүлбі филиалында басшылық қызметтерді атқарған В. және К. есімді айыпталушылар өрт шыққан кезде жалынды сөндіруді ұйымдастыру бойынша өз міндеттерін орындамай, жағдайды қате бағалаған. Сондай-ақ өртті сөндіру кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды қамтамасыз етпеуі 14 адамның өліміне әкеліп соқтырды», - деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметінен.
Сот айыпталушыларды куәлардың айғақтарымен, жүргізілген сараптамалармен, заттай дәлелдемелерді қарастыра отырып, оларды бірнеше жылға бас бостандығынан айырды.
«Сот екі сотталушының жас балаларының барын, әрі ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескеріп, айыпталушыларды 7 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ», - делінген ақпаратта.