“Баланың басы жарылған, киімі жыртылған”: Алматы облысының тұрғындары 5 жасар баланы қағып өлтірген әйелдің жазасыз қалуынан қорқады
- автор Томирис Тоныкөк
- 14 мамыр, 2024
- 493
Алматы облысында тұрғындар 5 жасар бүлдіршіннің өліміне кінәлі әйелдің заң алдында жауап беруін қалайды. Өйткені халық құмның үстінде ойнап отырған Әли Оғлы Зұлқайнарынды қағып кеткен жүргізушіні жазадан құтылып кете ме деп қорқады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай осыдан үш күн бұрын кешкі сағат 4-тер шамасында 5 жастағы Әли Оғлы Зұлқайнарын мына жерде құмның үстінде ойнап отырған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, жеңіл автокөлік баланы отырған жерінде қағып кеткен. Қатты соққыдан 5 метрге дейін ұшып кеткен бүлдіршін бірден көз жұмған дейді көршілері.
“Тарс еткен дыбыс естілді. Мен итті қағып кетті ме дедім. Түсінбей қалдық, шықсақ, шаң-тұман болып кетті. Жүгіріп барсақ, баланы қағып кеткен екен. Баланың басы жарылған, киімі жыртылған”, – деді куәгер Маргарита Абдрахманова.
Тұрғындар дереу жедел жәрдем шақырып, баланың ата-анасына хабар беріпті. Бірақ Әли Оғлы Зұлқайнарынды аман алып қалу мүмкін болмаған. Ауыр соққы алған бүлдіршін әкесінің қолында көз жұмған.
“Мен жерде жатқан баланы көріп, бірден ата-анасын айғайлап шақырдым. Бәріміз не істерімізді білмей қалдық. Көлік жолдың ар жақ бетінде тұр екен. Жүргізушісі ұзақ уақыт шықпады. Жедел жәрдем шақырып жатқанда, баланың жанына келіп, балағат сөздер айтты. Артынша көлігінің маңына барып телефонмен сөйлесті”, – деді ауыл тұрғыны Зарина Сағараева.
Ауыл тұрғындары бүлдіршінді қаққан көлік иесі осы ауылдың тұрғыны әрі мектепте мұғалім болып жұмыс істейді дейді. Ал марқұмның туыстарының сөзінше, оқиға болған күні құзырлы орган қызметкерлері жүргізушінің жағдайына қатысты сараптама жүргізбеген, тергеуге де алмаған.
“Қаққан көлік жүргізушісін қамамады, ешқандай шара қолданылмады. Тіпті кешірім сұраған жоқ. Кеше туыстарымен келіп, өзінің кінәсіз екенін айтып, керісінше бізді балағаттап кетті. Мен кінәлі әйел тиісті жазасын алса деймін. Бүгін бауырым өлді, енді ертең тағы біреудің баласы өледі. Әділеттілік орнауы тиіс”, – деді марқұмның ағасы Мұрат Әбитов.
Округ әкімі де оқиғадан хабардар. Мұндай жағдай бірінші рет болды деген ауыл басшысы істі құзырлы органға тапсырдық дейді.
“Қиын жағдай болып отыр. Бұл мәселемен бүгінде Еңбекшіқазақ ауданының полициясы айналысып жатыр”, – деді Саймасай ауылдық округінің әкімі Бақытжан Чурмаков.
Алматы облыстық полиция департаменті қылмыстық кодекстің 345-бабы "көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" бабы бойынша іс қозғалғанын айтады.
“Көлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Жол көлік оқиғасы бойынша қажетті сараптамалар тағайындалуымен қылмыстық іс тіркелді”, – деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Меруерт Морякова.
Баласынан айырылған отбасы қылмыскердің тиісті жазасын алғанын қалайды. Егер облыс деңгейінде мәселе шешілмесе, Жоғарғы сотқа шағымданбақ.
Ұқсас жаңалықтар
Жүргізуші куәлігін алу қиындай түсті: өзгерістер енгізілді
- авторТомирис Тоныкөк
- 11 қазан, 2024