Grand Park сауда орталығы тоқал туралы жарнамасы үшін жауапқа тартылды
- автор Томирис Тоныкөк
- 17 мамыр, 2024
- 481
Алматыдағы Grand Park ойын-сауық орталығындағы "Тоқалыңа сөмке ал" деген жарнамалық ролик көпшіліктің ашуына тиді. Ойын-сауық орталығы бұл видеоролик үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Сауда орталығы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "Қалалар мен елді мекендер аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу" бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Президент жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Назым Жанғазинова жарнаманың жойылғанын айтты.
"Тоқалдықты насихаттайтын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарға қайшы келетін жарнамаға жол берілмейді және оны тоқтату керек. Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері қала әкімшілігіне осы жарнамаға байланысты сауал жолдадық. Ұлттық комиссияның Алматы қаласы бойынша бөлімшесімен бірлесіп жұмыс жүргізілді, жарнама жойылды. "Гранд Парк" сауда үйінің әкімшілігі әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады",- деп хабарлады Facebook желісінде Назым Жанғазинова.