Тоқаев пен Нидерланд Премьер-министрі саяси және экономика саласындағы екі жақты кеңейту аясын талқылады
- автор Томирис Тоныкөк
- 28 мамыр, 2024
- 337
Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Астанаға жұмыс сапарымен келген Нидерланд Премьер-министрі Марк Рютте кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорданың Баспасөз қызметіне сілтеме жасап KYN.KZ тілшісі.
Әңгімелесу барысында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты кеңейту перспективалары қарастырылды.
– Өзіңізбен 2015 жылы кездескен едік. Сол жүздесуді ерекше ықыласпен еске аламын. Сіздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Сіз басқа әріптестеріңізге қарағанда Премьер-министр лауазымын ұзақ уақыт атқарып келесіз және халықаралық деңгейдегі тәжірибеңіз орасан зор. Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткім келеді. Нидерланд – Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы. Елімізге құйылған тікелей инвестиция 120 миллиард доллардан асты. Елдеріміз бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нидерланд Премьер-министрінің елімізге сапары Астана мен Амстердам арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.