Экс-министр Бағдат Мусин "Қазақтелеком" басшысы болды
- автор kyn.kz
- 10 маусым, 2024
- 347
Бұрынғы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.
"Самұрық-Қазына" АҚ директорлар кеңесінің шешімімен Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұрынғы басшысы Бағдат Мусин "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Компанияның бұрынғы басшысы Қуанышбек Есекеев мемлекет басшысының кеңесшісі қызметіне тағайындалды", - делінген "Самұрық-Қазына" АҚ-ның Telegram-дағы арнасында.
"Бағдат Мусинге қордың ең маңызды активтерінің бірін басқаруда үлкен табыс тілеймін. Сондай-ақ, Қуанышбек Есекеевке еліміздің ең ірі телекоммуникациялық компаниясын 14 жылдан астам табысты басқарғаны үшін алғыс білдіремін. Қордың негізгі компанияларының бірі – "Қазақтелеком" АҚ-ның дамуына бірінші басшысы ретінде қосқан үлесіңіз шексіз", - деп атап өтті Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Бағдат Мусин 1983 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Сүлеймен Демирел атындағы университетті және Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін жетік меңгерген. 2011-2012 жылдары Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және ХҚО қызметін үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары болды. 2012 жылдан бастап Көлік және коммуникация министрлігінің мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және ХҚО қызметін үйлестіру комитеті төрағасының лауазымын атқарды. 2014 жылдың сәуірінде "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Бағдат Мусин Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі комитетіне 2017 жылдың қаңтарынан төрағалық етті. Оған дейін үш жыл "Қазпошта" АҚ-ның басқарма төрағасы болды. 2020 жылы наурызда президенттің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі, көп ұзамай цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі болып тағайындалды.
Бағдат Мусин 2020 жылдың қыркүйегінен бастап Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін басқарды. Биыл 30 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қызметінен босатты. Кейінірек Мусин әлеуметтік желіде отставкаға кеткенін хабарлады. Бұған дейін Тоқаев "Қазақтелекомның" басшысы Қуанышбек Есекеевті президент кеңесшісі лауазымына тағайындаған болатын.