«Қазақ тілі деген пән оқытылмай ма?»: Белгілі режиссер орыс сыныбында оқитындардың ана тілін білмейтініне күйінді
- автор Томирис Тоныкөк
- 11 маусым, 2024
- 629
Белгілі режиссер Мұрат Есжан қазақ тілін білмейтіндерді сынға алды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Есжанның жазуынша, қазақ балалары өз тілдерін білмейді. Өзі тұратын көпқабатты үйге көтеріліп бара жатып, жеделсатыға кірген екі балаға қазақша сөйлеген. Алайда, екеуі де оның не дегенін түсінбеген.
“ Өзім тұратын үйдің лифтіне менімен жарыса екі бала мінді. Түрлері қазақ болғанда да, қап-қазақ енді. 7-8 оқитын балалар-ау. Кіре, төртінші қабатты басты.
- Сегізді баса сала ғойшы, - дедім. Қолым бос емес еді.
Екеуі алақ-жұлақ етіп бір-біріне қарады.
- Се-гіз, - деп нақтылап қайталадым. Біреуі жетіні басты. Түсінбей тұрғанын енді ұқтым.
- Ол жеті, маған сегіз керек.
Саусағымен сандардың үстін тағы бір айналып шықты.
- Сен орыссың ба? - дедім орысшалап. Шын сұрадым. Кәріс болуы да мүмкін ғой.
- Нет.
- Атың кім?
- Мирас.
- Мен Сережа, әлде, Саша деп ойладым, - дедім. Жас бала ғой, неге айтып тұрғанымды ұқпады, білем. Дейм да, бұ баладар, мақұл, орыс мектебінде оқиды делік. Үйінде орысша сөйлейді делік. Сонда оларға қазақ тілі деген пән оқытылмай ма? Онға дейінгі сандарды білмеу дегенді сипаттайтын сөз таба алмай отырмын енді…», - дейді режиссер.
Мұрат Есжан басынан өткен тағы бір оқиғасын баяндап, орыс сыныбында оқитын бааларға қазақ тілі дұрыс оқытылмайтынын жазды.