"ҰБТ тапсыруға келген": Алматыдағы университет аумағында қаза тапқан жігіт туралы жаңа деректер айтылды
- автор kyn.kz
- 22 маусым, 2024
- 1.1k
Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағында қаза тапқан жігіт ҰБТ тапсыруға келген түлек екені белгілі болды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек талапкердің қазасына пікір білдіріп, мән-жайдың қалай болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды КТК арнасы.
"Оқиға сағат төртте, күн ыстық болып тұрғанда болған. Тыйым салатын белгіге қарамастан, ол субұрқаққа түскен. Субұрқақтың екі тостағаны бар, ол тура ішіне кірген. Өлімнің себебі сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болуы керек. Алдын ала мәлімет бойынша, жүрегі тоқтап қалған немесе ток соққан болуы мүмкін. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күту керек", - дейді министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, марқұм болған бала қаладағы №185 мектептің түлегі болған. Сол күні университетке ҰБТ тапсыруға келген, бірақ техникалық ақауға байланысты сынақ өтпеді. Білім ошағы қайғылы оқиғадан кейін субұрқақты өшіріп тастаған.
"Суға түсуге тыйым салынады" деген жазу төрт жағында жазылған. Себебі универститет аумағы көркем әрі жайлы болғандықтан, тұрғындар мен студенттер мұнда еркін жүреді. Олардың қауіпсіздігі үшін міндетті түрде сол белгілерді қойғанбыз. Университетіміздің аумағында болған оқиғаға байланысты марқұмның жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз", - дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Еркін Дүйсенов.