Елімізде тағы бір санаттағы қызметкерлердің жалақысы көтеріледі
- автор Томирис Тоныкөк
- 24 маусым, 2024
- 712
Қазақстанда тағы бір санаттағы қызметкерледің жалақысы көтерілмек. Бұл туралы вице-премьер Тамара Дүйсенованың мәжілісмен Нұрсұлтан Байтілесовтің депутаттық сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін депутат соттарда жұмыс істейтін аудармашылардың жалақысының төмендігіне назар аударған болатын.
"Қазіргі уақытта азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашыларға еңбекақы төлеу Үкіметтің 1992 жылғы қаулысы негізінде жүзеге асырылады. Оған сәйкес, бір бетті немесе бір сағаттық жұмысты аударғаны үшін 369 теңге төленеді. Ал процесс жарты сағатқа созылатын болса, төлем осы соманың жартысы, яғни 180 теңге", - деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Депутаттық сауалға берілген жауапта сот ісін жүргізу аясындағы аудармалардың құны аударма қызметінің нарықтық құнынан айтарлықтай төмен екендігі мойындалады. Мәліметтерге қарағанда, азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашыларға төленетін сыйақы мөлшері шынымен де Министрлер кабинетінің 1992 жылғы 25 ақпандағы қаулысы бойынша реттеледі
"Бүгінде сот әкімшілігі қалыптасқан жағдайды реттеу үшін сот процесіне қатысатын аудармашыларға сыйақы мөлшерін ұлғайтуды көздейтін қаулы жобасын дайындады. Қазіргі уақытта жоба заңнамада белгіленген тәртіппен келісуден өтіп жатыр", - делінген жауапта.