Құлдыққа сату, еркінен тыс жұмысқа салуға қылмыстық жаза күшейтілді
- автор Томирис Тоныкөк
- 28 маусым, 2024
- 314
Сенат адам саудасы құрбандарының құқығын қорғайтын заңды мақұлдады. Оған сәйкес, енді азаматтарды құлдыққа сату немесе еркінен тыс жұмысқа салу бойынша қылмыстық жаза күшейтілген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі жыл сайын адам саудасына қатысты 150-ге жуық қылмыстық іс тіркеледі деп отыр. Оның ішінде сәби саудасы да өршіп тұр.
“Перзентханаларда бала саудасын қыздырып отырған — сол жердің қызметкерлері. Сұраныс болған соң, әлбетте, бұл бизнеске айналып барады. Жыл басынан бері осындай алты қылмысты анықтап, ізін кестік. Тапсырыс көбіне балалы бола алмай жүрген ата-ана тарапынан болады”, - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев.
Жоғарғы палата депутаттары букмекер кеңселердің жарнамасына тыйым салатын заңды бірауыздан мақұлдады. Құжатқа сәйкес, 21 жасқа толмаған азаматтар құмар ойнын ойнауға, бәс тігуге құқығы жоқ.
Мемлекеттік қызметкерлер, әскери адамдар, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мүлдем казиноға басын сұға алмайды. Жаңа заң бойынша, ережеге бағынбағандар бірден қызметінен шеттетіледі. Сенаторлар энергетикалық сусындарды 21 жасқа дейінгі жастарға сатуға шектеу нормасына да қол қойды.
“Энергетикалық сусындарды сатуды шектеу дұрыс бастама деп санаймын. Вейптер, энергетикалық сусындар өсіп келе жатқан жастардың денсаулығына кері әсер тигізетінін барлығымыз жақсы білеміз. Алайда дүкен сөрелерінде бұған дейін оңды-солды ашық сатылып келді. Енді бұған тосқауыл қойылады”, - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.