Бүгін Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті – сенат және мәжіліс депутаттары жұмысын қорытындылап, сессияны аяқтады. Бұл жөнінде KYN.KZ тілшісі хабарлайды.
"Қазіргі кезде парламент қоржынында 71 заң жобасы бар. Депутаттық корпус енді Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстері бойынша жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар біз мүлде жаңа Цифрлық кодексті күтіп отырмыз.
Алдымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет, есірткімен күрес, дін, сот жүйесіндегі реформалар және басқа да мәселелерге қатысты заң жобалары бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Парламент, үкімет және сарапшылар қоғамдастығы үйлесімді әрі жан-жақты жұмыс істеуі қажет", - деп мәлімдеді мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Сенат басшысы сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің екінші сессиясын жабық деп жариялады. Бүгіннен бастап халық қалаулылары демалысқа шығып, Қазақстанның өңірлерін аралауға аттанады.