Алматыда автобуспен болған апатта күдікті ретінде ұсталған әйелдің емізулі сәбиі бары белгілі болды
- автор Томирис Тоныкөк
- 28 маусым, 2024
- 456
Алматыда 18-автобус апатқа ұшырап бір адам қаза тапқаннан кейін оған соқтығысқан жеңіл көлік жүргізушісі қамауға алынды. Журналист Михаил Козачков жүргізуші әйелдің төрт айлық емізулі сәбиі бар екенін айтты. Бұл туралы KYN.KZ ақпарат агенттігі хабарлайды Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Михаил Козачков Алматыда автобуспен болған апат туралы жазды. Айтуынша апатқа күдікті деп танылған Анель Сартаева уақытша ұстау изоляторына қамалған.
“Полицияның жол-көлік оқиғасы төңірегіндегі резонансқа байланысты тергеу кезінде әйелді тұтқындауды талап еткеніне сенімдімін. Оның адвокаты Қанат Әлсейітов бүгін осы тақырыпта жазба жариялады Мен де оны қолдаймын. Белгілі болғандай, Анель – 4 айлық баланың анасы. Енді нәрестені емізу үшін оны изоляторға алып келеді екен. Сәбиге жасанды қоспалы сүт беруге болмайды. Егер Сартаева 2 айға қамалса, онда сәбиіне не болады?” – деп жазды Козачков.
Журналист Анельдің қылмысты абайсызда жасағанын және оқиға орнынан қашпай, зардап шеккендерге көмектесіп, жедел жәрдем шақырғанын жеткізді.
“Неге оны қазір, сот үкіміне дейін қамауға алу керек? Біздің қоғамда күдіктілерге бұлтартпау шарасын таңдау төңірегінде біраз уақыттан бері талқыланып келеді. Бұл туралы адвокаттар үнемі айтып жүр. Соңғы бір жарым жылда Жоғарғы сот қамауға алу тәжірибесін өзгертіп, кепілге немесе басқа шектеулерге жиі жүгіне бастады. Менің ойымша, бұл дұрыс. Дәл қазір емізулі нәрестенің анасын темір торға қамау кімге тиімді? Сонда сәбиді де анасымен бірге ауа жоқ тергеу изоляторына қамау керек пе?” – деп қосты ол.
Козачков Алматы прокуратурасы мен тергеу соты әйелге адамгершілік танытатынына сенім білдірді.
“Иә, Сартаева қылмыс жасады және ол үшін міндетті түрде жауап береді. Алайда ол қылмыстық топ мүшесі емес, адам өлтіруші де, педофил де емес. Сондықтан неге тұтқындау керек?” – делінген жазбада.