Үкімет 170 мыңдай пәтерді халыққа таратуды көздеп отыр
- автор Томирис Тоныкөк
- 1 шілде, 2024
- 403
Премьердің орынбасары Қанат Бозымбаев қазақстандықтардың бұл баспаналарды қалай ала алатынын түсіндірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Белгілі құрылыс холдингінің менеджер-консультанты Жанельдің айтуынша, қазақстандықтар пәтер сатып алуды күрт доғарған.
"Не болғанын білмейміз, жыл басынан бері азаматтар баспана алуды кілт азайтты, тіпті тоқтатты деуге болады. Кеңсеге күніне бірнеше адам ғана келеді, басым көпшілігі консультация алып, ананы-мынаны сұрап, кетіп қалады. Әріптестермен хабарласып тұрамыз, BI Group болсын, BAZIS-A не басқасы болсын, бәрінде де жағдай ұқсас. Сондықтан баға түсіріп, акциялар жасамай, сауда қызбауы мүмкін, басшылыққа соны жеткіздік", – деді Жанель.
Маманның сөзін ресми статистика да растайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл сатып алу-сату мәмілелері санының өсуі тыйылды. Содан баға да өсуі қарқынын жоғалтқан.
"Бір жылда – 2023 жылғы мамырдан 2024 жылғы мамыр аралығында жаңа тұрғын үйлерді сату бағалары 2% ғана өсті. Ал, қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы былтырғы мамырдан биылғы сәуір аралығында 0,2% төмендеді", – деді бюро мамандары.
Олар баспана саудасы стагнацияға қарай бет қойып, өсімі шектелгенін жеткізді. Атап айтқанда, бір айдың ішінде – 2024 жылғы мамырда, сәуірмен салыстырғанда, жаңа тұрғын үйді сату небары 0,4% өскен. Сонымен бірге, пәтерлерді қайта сату 0,2% төмендеді.
"2024 жылғы мамыр айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша елімізде 31 071 мәміле ғана тіркелген. Соның ішінде жеке үйлер бойынша 7 668 және көпқабатты үйлердегі пәтерлер бойынша 23 403 мәміле жасалды. 2024 жылдың сәуірімен салыстырғанда (31 248) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 0,6%-ға азайып кетті. Мәмілелер саны бойынша, бұрынғыша, Алматы (6 427 пәтер немесе үлесі 20,7%) және Астана (4 467 пәтер немесе 14,4%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 687 және 8,6%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 344 бірлік немесе үлесі небары 1,1%", – деп түсіндірді Ұлттық статбюро мамандары.
Әлеуметтік желідегі пікірлерге назар аударсақ, халықта "Үкімет үйді тегін береді" деген сенім бой көрсетіп, нығая бастағандай. Өйткені таяуда Мәжіліс депутаттары тасқынның астында қалған 11 өңірде су басқан 13 мыңдай ескі баспана орнына демеушілердің, ұлттық компаниялардың, меценаттардың қаражатына, үй иелері үшін тегін тұрғын үй салынатынын немесе жөнделетінін хабарлады. Күні кеше Ақорда тізімі бойынша ақпарат құралдары өкілдерінің 67 өкілі тегін пәтерлер алды. Осының бәрін көріп-біліп отырған қазақстандықтар өздеріне де тегін үй тиеді деп үміттенетін болса керек. Негізсіз бе?
Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев жұртшылыққа, әсіресе, жастарға баспана беру бойынша мемлекеттің бірнеше ірі бағдарламаны жүзеге асырып жатқаны туралы депутаттарға мәлімет берді. Ауыл-аймаққа, сайлаушыларымен кездесуге аттанған парламентшілер ол ақпарды көркем баяндама жасау үшін пайдалана алады.
Олардың аясында жалпы саны 170 мыңдай баспана халыққа таратылады екен.
"Халықтың, оның ішінде жастардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында Үкімет кешенді жұмыс жүргізуде және мемлекеттік қолдаудың жан-жақты шараларын қабылдауда. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтуы жөніндегі жұмысы мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктерін ескеріп, жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Жыл сайын жұртшылықтың тұрғын үйге деген қажеттілігі өсіп келеді: бүгінде тегін үй кезегінде тұрғандардың саны 650 мың адамнан асты. Соның ішінде бірінші кезекте халықтың неғұрлым мұқтаж әлеуметтік осал топтарына басымдық беріледі", – деді Қанат Алдабергенұлы.
Оның айтуынша, бұл үлгіні басқа өңірлерге де тарату жоспарлануда. Басқа облыстардың жергілікті бюджеттерінің мүмкіндіктеріне қарай, жұмыс істейтін жастар үшін жалдамалы баспаналар салынады.
Бұл ретте Үкімет басшысының орынбасары "жастарға жалға берілетін пәтерлерді сатып алып, жекешелендіру құқығын беру мәселесі осы кезеңде Үкіметте қарастырылмайтынын" нықтады.
Бұдан бұрын Мәжіліс депутаттары жетімбұрыш жағалаған жастардың мәселесіне Үкіметтің назарын аудартқан болатын. Олардың мәліметінше, 2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 000-ға жуықтады. 2019 жылы баспана алған жастардың баспананы босатуына да аз уақыт қалды. Бүгінде мегаполистердегі сол жастардың далада қалу қаупі жоғары.
Депутаттардың байламынша, елде жастарға арналған тиімді мемлекеттік бағдарлама жоқ. Салдарынан, олар баспана алу үшін шетел асып жұмыс істеуге мәжбүр. Олармай қалып жатқаны қаншама. Бұл елімізде дарынды, талантты жастардың азаюына соқтырып жатыр.
Сондықтан мәжілісмендер "жастарға кемі 10%-дық бастапқы жарнасын төлеп, өздері тұрып жатқан жалдамалы баспанасын сатып алуға мүмкіндік беруді және соған арналған пайыздық ставканы 5%-дан асырмауды" ұсынды. Депутаттардың бұл ұсынысын қабылдаудан Үкіметтің бас тартқаны енді белгілі болды.