1 шілдеден бастап кейбір қызметкерлердің жалақылары өсті
- автор Томирис Тоныкөк
- 1 шілде, 2024
- 688
1 шілдеден бастап еліміздің орман және табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлері лауазымдық жалақыларына үстемеақы ала бастайды. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орман және табиғат қорғау ұйымдарының қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерін жақсарту мақсатында "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" ҚР Үкіметінің қаулысына өзгерістер енгізілген.
"Орман өртін сөндіру стансаларының, орман мекемелерінің, табиғат қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін үстемеақы алады. Олардың ішінде орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру машиналарының жүргізушілері, тракторшы-машинистер, радиооператорлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтары мен аппаратураларын жөндейтін слесарлар, өрт-бақылау мұнарасының бақылаушылары бар. Сондай-ақ, 113 авиациялық күзет өртсөндіруші-десантшысының жалақысы көтеріледі", - делінген құжатта.
Қаулыны іске асыруға 2024-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 8 480,1 миллион теңге көлемінде қаржылық шығындар көзделген. Барлығы 3,3 мыңға жуық қызметкер қосымша ақымен қамтылатын болады.
Жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылығы мекемелерінің орман өрт сөндіру стансаларының 1619 қызметкеріне қосымша ақы төлеуді қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоспарланады.