«Жағдайы әлі де мәз емес»: Бурабайдағы жазғы лагерьде жетім балалар ауырып қалды
- автор Томирис Тоныкөк
- 10 шілде, 2024
- 321
Павлодардан Бурабай лагеріне барған бір топ бала ауруханаға түсті. Дені – балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері. Балаларға қызмет көрсететін мекемеде сырқаттанған жеткіншектерге ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Павлодардан Бурабай лагеріне барған бір топ бала суық тигізіп, ауруханаға жатқызылды. Балаларға қызмет көрсететін мекемеде сырқаттанған жеткіншектерге ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген. Ал тексеру кезінде 300-ге жуық баланы қабылдаған лагерьде бірде-бір медбике жұмыс істемейтіні анықталды.
Бурабайдағы лагерьге жазғы демалысын өткізуге Павлодар облысынан бас-аяғы 75 бала барған. Дені — балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері. 6 шілдеге қараған түні бір топ бала мекеме қызметкерлеріне денсаулығына шағым айтқан. Алайда сырқаттанған балаларға сол күйі ешқандай көмек көрсетілмеген. Жағдайы нашарлаған балалар ақыры медициналық көмекті өздері шақыруға мәжбүр болған.
Мекемедегі келеңсіз жайт туралы Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримова Instagram-дағы парақшасында жария еткен болатын. Лагерьде медициналық көмек ала алмаған балалар тікелей өзіме хабарласып, жедел жәрдем шақырып беруімді сұрады, дейді депутат.
"Мен балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерімен үнемі хабардамын. Лагерьге балалармен бірге орталық қызметкері де барды. Сол түні олар маған медбикенің жоқ екенін және ешқандай медициналық көмек ала алмай отырғандарын жазды. Таңертең дереу Бурабайға жолға шықтым. Лагерді түгел тексердік. "Неге медбикелеріңіз жоқ?" деген сұрағыма лагерьде жұмыс істеп жүрген қатардағы қызметкерді әкеліп, "медбикеміз осы" деп қысқа қайырды. Ал сырқаттанған балалардың жағдайы әлі де мәз емес. Арасында пневмония жұқтырды деген күдігі бар балалар да бар", - дейді Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлжайна Даримова.
Тілші хабарлауынша, лагерьдегі заңбұзушылық бұл ғана емес. Мекемеде бұдан бөлек тиісті балалар журналы да жүргізілмеген. Диеталық медбикенің жоқтығы тағы бар. Ал медпунктке адам аяқ баспағалы біраз болға. Бұған мұндағы тазалық кестесі дәлел. Құжатқа сенсек, медпункт осыдан бір жыл бұрын, яғни 16 маусымда жуылған. Осыдан кейін атышулы лагерьдің жағдайымен Ақмола облысы әкімінің орынбасары, өңірлік денсаулық сақтау және білім басқармаларының басшылары да танысқан.
Ал балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева аталған жайт назарға алынғанын жеткізді.
"Бұл жағдайды назарға алдық. Ауруханаға Павлодар облысының балаларды қолдау орталығынан және Ақмола облысына келген балалар жатқызылды. Олар тамақ ауруы, бронхит, ЖРВИ жұқтырған. Балалар денсаулықтарына төрт күн бұрын шағымдана бастаған Алдағы уақытта қайта тексеру ұйымдастырылады", - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.