Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері биыл көп грант қай мамандықтарға бөлінгенін атап өтті

Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері биыл көп грант қай мамандықтарға бөлінгенін атап өтті
Сурет: snta.ru
Мемлекеттік грант конкурсында балдардың теңдігі жағдайында басымдылық "Алтын белгі" иегеріне беріледі

Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері биыл қай мамандықтарға грант көп бөлінгені туралы айтты. Барлық гранттың 60 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінген, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі ведомствоға сілтеме жасап.

"Гранттардың басым бөлігі "Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары" білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 19 344 грантты құрайды. Ал "Педагогикалық ғылымдарға" – 13 735 грант, "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" саласына – 10 903 грант, "Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика" бағытына – 8 288 грант тиесілі", - деді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова. Министрлік мәліметінше, жыл сайын жалпы грант санынан арнайы квота бөлінеді. Биыл да әлеуметтік осал топтарға квота сақталады. 2022 жылдан бастап ауыл квотасы 35 пайыз болып бекітілген. "Атап өтетін жайт, су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) талапкерлері негізгі ҰБТ-дан төмен балл жинаса, қаңтар немесе наурыз айларындағы ҰБТ-ның жоғары нәтижелерімен грант конкурсына қатыса алады. 2024 жылы жалпы грант санының 20 пайызы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің талапкерлеріне бөлінеді", - деді ведомство өкілдері.

Министрліктегілер 2022 жылдан бастап беделді халықаралық пәндік олимпиада, жарыс, конкурс жүлдегерлері мемлекеттік грантқа ҰБТ-сыз ие бола алатынын атап өтті.. Мемлекеттік грант конкурсында балдардың теңдігі жағдайында басымдылық "Алтын белгі" иегеріне беріледі. Биыл 7 мыңнан астам түлек "Алтын белгіге" ие болған.

"Әскери борышын өтегендерге қатысты да тоқталсам. Өткен жылдан бастап олар ҰБТ-сыз әңгімелесу арқылы тек ақылы негізде оқуға түсе алады немесе ЖОО-ның ішкі гранттарына үміткер болады", - дейді Гүлзат Көбенова.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар