Қуандық Бишімбаевқа Ақмола облысындағы колонияда ағаш шебері атануға мүмкіндік бар
- автор kyn.kz
- 18 шілде, 2024
- 685
Әзірге экс-министр әлі сол Астанадағы уақытша тергеу изоляторында екен. Келесі аптада Бишімбаев түпкілікті жазасын өтейтін қауіпсіздігі жоғары мекемеге жөнелтіледі.
Ол жерде 15 күнге оңаша карантинге жабылатын Бишімбаевпен абақты психологы оның мінез-құлқын бағдарлап, тәрбие жұмыстарын жүргізеді деп отыр Қылмыстық атқару жүйесі комитеті. Тек содан кейін ғана Қуандық Бишімбаев жазасын толық өтеуге кіріседі. Бұл жерде сотталушы қол қусырып жатпайды. Жиырма жылдан астам уақыт темір торға тоғытылған оған он саусағынан өнер тамған ісмер ағаш шебері атануға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ мұндай жаза арқалаған қылмыскерлерге темірден кәдесый жасау кәсібі де жұмыс ретінде ұсынылады. Жалпы бір сотталушыға қазынадан күніне 7 жарым мың теңге бөлінеді десек, алдағы 20 жылда Бишімбаевты күтіп-ұстауға 55 миллион теңге кетеді екен. Бұл сома ортаңқол министрдің жылдық айлығынан екі есе көп қаражат.
"Сотталғандарды міндетті түрде жұмысқа орналастырамыз. Еңбекке баулимыз, бір сөзбен айтқанда. Өндіріс орындарында әр түрлі жұмыс орны бар. Бишімбаев ағаш немесе металл өңдеу бағытында жұмысқа орналасалады. Барлық бос орын еңбек порталында көрсетілген",— ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков.