Алматыда ұялы телефонын ұрлатып алған азамат тәртіп сақшыларынан таяқ жеп қалған
- автор Томирис Тоныкөк
- 19 шілде, 2024
- 347
Алматыда ұялы телефонын ұрлатып алған азамат, арыз жазуға барып тәртіп сақшыларынан оңбай таяқ жегенін айтады. Екі қабырғасы сынып, есінен танып қалған жігіт полицейлердің мұндай әрекетіне наразы, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі «Информбюро» жаңалықтарына сілтеме жасап.
Тіпті құзырлы орган өкілдерімен болған жағдай үшін сот кінәлі деп танып 40 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту туралы шешім шығарды дейді. Мамырдың 10-ы күні қаннен қаперсіз қаладағы кафелердің бірінен шықтым деген Нұрғабыл Шажабаев түн ортасында бейтаныс азаматтың қоңырау шалу үшін телефонын сұрағанын айтады. Алаңсыз сұрағанын берген жігіт, ұры телефонды алып тұра қашты дейді. Бірден тәртіп сақшыларына барып қарақшының жолын кесуді сұрамақ болғанда кезекші полицейлермен сөзге келмей қалдық дейді.
«Воротасынан кіріп кеттім, ешкім мені сопроваждать еткен жоқ. Кіріп кеттім, ішке кірсем бәрі ұйықтап жатыр екен. Сол менің даусымнан оянды. Арыз жазып тұрғанша бір мәшинемен шығып қуып жетсек, сол адамды ұстап аламыз. Деп айтып едім, әкең машинесі бар ма деді. Менің бар кінәм сенің әкең машинесімен қумаймыз ғой деп айттым», - дейді Алматы облысының тұрғыны Нұрғабыл Шажабаев.
Сол жерден құлағаннан кейін дереу жедел жәрдем шақырыпты. Бірақ жарақаттың ауыр еместігін айтып олар кері кетті дейді. Ал ертесінде Талғар аудандық ауруханасына барып қос қабырғамның сынғанын білгенін жеткізді.
«2 қабырғам сынды және артқы жақ бүйірлерімнен барлығын соққылап тастаған ғой. 11-і күні арыз жаздым мені ұрып соқты деп. Олар 13-і күні менің ар-намысыма тиді деп арыз жаған», - дейді Алматы облысының тұрғыны Нұрғабыл Шажабаев.
Осыдан кейін қос тарап арасында сот процессі өткен. Нұрғабыл Шажабаев мені ұрып-соққан бейнебақылау камерасындағы жазбаны тәртіп сақшылары бермей отыр деп наразы. Ал 28 маусым күні бұл оқиғаға қатысты сот үкімі шығыпты.
«ҚР ҚК 378-БАБЫНЫҢ 1-БӨЛІГІНДЕ КӨЗДЕЛГЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТЕРІС ҚЫЛЫҚ ЖАСАҒАНЫ ҮШІН КІНӘЛІ ДЕП ТАНЫЛСЫН ЖӘНЕ 40 САҒАТ МЕРЗІМГЕ ҚОҒАМДЫҚ ЖҰМЫСТАРҒА ТАРТУ ТҮРІНДЕГІ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАЛСЫН. СОНЫМЕН БІРГЕ 5 АЙЛЫҚ ЕСЕПТІК КӨРСЕТКІШ МӨЛШЕРІНДЕ, 18 460 ТЕҢГЕ ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРГЕ ӨТЕМАҚЫ ҚОРЫНА МӘЖБҮРЛІ ТӨЛЕМ ӨНДІРІЛСІН», - делінген ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫ СОТ КАБИНЕТІНЕН.
Мұндай шешіммен келіспеген Нұрғабыл Шажабаев апелляциялық шағым түсіріпті. Ал қалалық полиция департаменті әзірге бұл жағдай туралы жауап бермеді. Даудың басына түрткі болған қалта телефонын тәртіп сақшылары екі күннен кейін тауып иесіне қайтарған екен.