Алматы облысында заңсыз медресе жұмыс істеп, бала оқытқан
- автор Томирис Тоныкөк
- 23 шілде, 2024
- 467
Қарасай ауданының прокуратурасы құқық қорғау органдармен бірлесіп 19 бала заңсыз тәрбиеленген жасырын діни медресені анықтады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Заңсыз діни мекеме Қаскелең қаласындағы жеке үйлердің бірінен ашылған. Көршілер тәжік отбасы мұнда 2 жыл бұрын көшіп келгенін айтады.
«Бұл кісілер екі жыл бұрын көшіп келді. Біздің көршілеріміз, жаман адам екенін байқамадым. Үйінде күйеуі мен әйелі, ата-анасы және 5 баласы бар. Әйелі жүкті, жақында босануы керек. Үйінің артындағы кіші үйде шәкірттерді оқытатынын білемін. Ата-аналар өздері әкеліп, өздері табыстайды. Күніне кем дегенде 5-10 көлік үйдің алдында тұрады. Балалардың көбі тәжік ұлтынан, бірақ қазақтар да бар», — дейді үй көршісі.
Сондай-ақ ол бұл медреседе ай сайын 20 шақты бала оқиғанын және оқу құны 90 мың теңге болғанын атап өтті.
« Балаларым ауырса, осы кісіге Құранмен аластатамын. Бірден жазылып кетеді. Басқа діни ағымның өкілі емес деп ойлаймын. Үйімізге Құран оқуға шақырғанда бір өзгешелік байқамадым. Жазғы уақытта балаларды оқытатынын білетінмін. Әр ай сайын 15-20 бала, тіпті одан да көп бала оқиды. Бір айға оқу құны — 90 мың. Мен де балаларымды бергім келген. Өйткені білуімізше араб тілі мен Құран үйретеді. Үйдегі ер кісі Қаскелеңдегі мешіттердің бірінде имам болуы керек. Күнде имамдар киетін жамылғысын киіп, мешітке кеттім деп жүретін», — дейді көршісі.
Үйдің өзге көршілері оларды жақсы адамдар екенін айтуымен шектелді.
Ал Алматы облысының әкімдігі облыс аумағында заңды түрде тіркелген діни білім беретін 1 ғана мекеме бар екенін хабарлады. Ол — Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылында орналасқан «Үшқоңыр медресе-колледжі».
Жалпы әкімдік мәліметінше, Алматы облысының аумағында тіркелген 11 конфессияға тиесілі 423 діни бірлестіктің филиалдары бар.
Оның ішінде 421 діни ғимарат тіркелген: 303 мешіт, 35 православ шіркеуі, 10 Рим католик шіркеуі, 63 протестант шіркеуі, 9 Йегова куәгерлері, 1 Кришна санасы қоғамы.
Сондай-ақ Алматы облысының дін істері басқармасы діни білім беретін мекеменің тіркелу тәртібін түсіндірді.
«Медресе-колледжді заңдастыру үшін бастапқыда өтініш жазу арқылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы облысы бойынша өңірлік өкілдігіне жүгіну қажет. Қажетті құжаттарды діни басқармадан алғаннан кейін Алматы облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне Е-лицензия арқылы өтініш жіберіледі», — деп хабарлады басқармадан.