«Сізде мүлдем бала болмайды»: Жұлдызай Дүйсенбиеваны бедеуліктен күйеуінің айтқан сөзі емдеген
- автор Томирис Тоныкөк
- 25 шілде, 2024
- 1.6k
Белгілі актриса Жұлдызай Дүйсенбиеваға дәрігерлер бала көтере алмайсың деген диагноз қойған. Сол уақытта күйеуі қолдау білдіріпті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ол "Мамский әңгіме" подкастында әңгімеледі. Ол күйеуге шыққаннан кейін бала көтере алмаған.
"Бірінші баламды 3-4 айдан кейін көтердім. Бірақ түсік болып, баламды түсіріп алдым. Одан кейін емделуі кезінде маған дәрігерлер "сізде мүлдем бала болмайды", "сіз енді ана бола алмайсыз" деп айтты. Емделуге қажет көптеген дәрі-дәрмектің тізімін жазып берді. Қағазды ұстап үйге келіп жатырмын. Мен жалпы көп жыламайтын, жыласам да, көрсетпейтін жанмын. Бірақ сол кезде үйге келіп, қатты жыладым. Себебі "ана бола алмайсың" деген ең ауыр сөз екен. Жасым сол кезде 33-те. "Дәрігерлер егер жасыңыз 23-те болғанда, бірнәрсе өзгерте алар едік. Бірақ бұл жаста бала болуы шамалы" деп шорт кесті", – дейді ол.
Қиын сәттерде күйеуі әрдайым жанынан табылған екен. Оның бір сөзі оған ем болыпты.
"Жылағанымды күйеуім көріп, не болды деп сұрады. Мен оған "ажырасайық" деп айттым. Ол шошып кетті. "Мен бала туа алмаймын" дедім. Біреудің тағдырын байлағым келген жоқ. Күйеуім маған қарап күлді де, қолымнан ұстады. "Жұлдызай, егер тағдыр, Алла Тағала сенімен баласыз қол ұстасып жүруді жазған болса, мен сенімен соңына дейін қол ұстасып кетемін" деді. Күйеуімнің бұл сөзі менің өмір сүруіме көмектесті. Себебі бұл екінің бірінің қолынан келмейтін және айта алмайтын сөз. Сол нәрсе мені емдеді деп ойлаймын", – деді Жұлдызай Дүйсенбиева.
Арада көп уақыт өтпей актрисаның бойына бала біткен.
«Бір ай уақыт өткен соң бала көтердім. Тестке қайта-қайта қарадым, сенбеймін. Жолдасыма көрсетем, ол да аң-таң. Мүлдем жүрегім айнымайды, құспадым. Қалай бұл. Мүмкін екіқабат емеспін деп ойладым. Себебі өзімді алданып қалмайыншы дедім. Содан 3 айға дейін тексерілмей жүре бердік. Тексеру барған кезде гинеколог балаңыздың жүрек қағысын естігіңіз келе ме деп айтты. Сол кезде көзімнен пора-пора жас ақты", – дейді актриса.
Ұқсас жаңалықтар
"Проблемам бітпей кетті": Сәкен Майғазиев жұртқа өз ақылын айтты
- авторТомирис Тоныкөк
- 6 желтоқсан, 2024