Күйеуі аяусыз сабайтынын айтқан 2 баланың анасы: бұрынғы күйеуім балаларымды бермей отыр (ВИДЕО)
- автор kyn.kz
- 27 шілде, 2024
- 3.1k
Түркістан қаласының тумасы Анар Орманова бүгінде Астана қаласының тұрғыны. Қызылорда облысына тұрмысқа шыққан ол екі баланы дүниеге әкелген. Бүгінде 8 жыл отасқан күйеуімен заңды түрде ажырасқан әйел 2 баласына қол жеткізе алмай отырғанын айтып, KYN.KZ тілшісі мен заңгерлерден көмек сұрап отыр.
"Мен 2 баламды алсам болды. Бар мақсатым сол. Күйеуім сот арқылы 10 күнге алып кеткен. Қазір балалармен дұрыс сөйлестірмейді, қашан оларды маған Астанаға әкеп беретінін де айтпайды. Әкелуі тиіс уақыттан 5 күн өтіп кетті. Айтатыны: "Сен жаман анасың. балалардың тәрбиесіне қарамайсың. Сені ана құқығынан айырамын". Оның ақшасы бар, жақсы адвокат жалдаған. Сотта өз пайдасына үкім шығартуға барын салды. Менің не ақшам жоқ, сотқа қатысуға да мүмкіндігім жоқ. Қазір Астанада пәтер жалдап тұрамын. Анам қасымда. Екі балама үйде отырып қарайды. Мен 350 мың айлық аламын. Қосымша тамақ пісіріп ақша табамын. Ал күйеуім алимент ретінде айына екі балаға 20 мың береді. Онымен нені төлеймін?",-дейді екі баласына қол жеткізе алмай отырған Анар Орманова.
Әйел ата-енесі мен күйеуі балаларды өздері тәрбиелегісі келетінін айтады. Бірақ олардың шығындары үшін алимент мөлшерін көбейтуге мүлде қарсы екен. Ал ажырасуға күйеуімнің аяусыз ұратын әдеті себеп болды деп отыр.
"Басында енем ұлының маған үйленуіне қарсы болды. Мен онда бәрін қояйық, мені алма деп те айттым. Күйеуім қоймай маған үйленді. Ол кезде 18 жаста едім. Орамалдамын. 4 мәрте кездесіп келісіммен алып қашты. Үй шаруасына пысық болмадым. Кішкентайымнан сабақ оқып, ақша табу үшін базарда жұмыс істеп жүргенмін. Енемнің үйінде 4 түйе саудым. Оның шұбатын базарға саттым. Үй шаруасын барынша істедім. Күйеуім басында шапалақпен ұратын. Кешіріп жүребердім. Соңғы кездері денемді көгертіп, сабап тастайтынды шығарды. Бір айда 4 рет сабады. Соңында ішімдегі 3 айлық балам шетінеді. Содан кейін ажырасуға бел будым. Төбелесімізді балалар көріп шошиды. Атам мен енем ұрып жатса ажыратудың орнына маған қандай айып тағатындарын, реніштерін айтып, өртке май құятын",-дейді әйел.
KYN.KZ тілшісі Анар Орманованың күйеуіне хабарласып, мән жайға өз пікірін қосуды сұраған еді.
"Мен балаларды 1 айға алып кетуге құқылымын. Сот үкімі шыққанда солай айтылды. Анасы балаларға дұрыс қарамаған. Балабақшаға да бермеген. 5 жастағы бала әлі дұрыс сөйлемейді. Әрине анасының кінәсі. Мен қайта әйеліммен қосылғым келеді. Бәріне Анардың анасы кінәлі. Ол бізді ажырастырғысы келеді. Анар соған еріп отыр",-дегенді айтты.
Ал әйеліңізді аяусыз ұрып, іштегі сәбидің шетінегені рас па? Неге балалардың психологиясына қысым жасап жатырсыздар? деген сұрақтарға мүлде жауап бергісі келмейтінін айтып, телефон тұтқасын қойып тастады.
Анар Ормановаға қазіргі күні заңгердің көмегі ауадай қажет. Өйткені ол өз құқығын, заң ережелерін мүлде білмейді. Ал анасы мен әкесінің жанжалында 2 бала зардап шегіп жатқан көрінеді. Өйткені әйел күйеуінен келген соңғы видеоны көріп түні бойы жылап шыққан.
"Балам үйде өте жақсы сөйлесетін менімен. Енді қазір телефонмен сөйлесем жауап бермейді. Қашады. Олар мені ұлыма жамандап, миын улап жатыр деп ойлаймын. Ал күйеуім 5 жастағы бала дұрыс дамымаған дейді. Баланы логопед-психологқа алып барыпты. Сол жерде үлкен ұлым жылап жатыр. Соны видеоға түсіріп, мені айыптап отыр. Баланы ол жерге апармас бұрын сөйлесіп, түсіндіріп айту керек еді. Ол сөзге түсінетін бала. Бұлар оны қалай болса солай алып барған, ол шошып айқайға басып жылаған. Ал кіші ұлым 3 жаста. Оны да Астанадан Аралға пойызбен алып кетті. Жолға жасы кішкентай. Мынандай ыстықта екеуі бірден әжетханаға сұрануы мүмкін. Күйеуім балаларды да ұрып жіберетін әдеті бар. Соның бәріне алаңдап түн ұйқым тыныш емес. Маған көмектесер заңгер болса деймін",-деп көзіне жас алды Анар Орманова.
Анар Ормановамен толық сұхбаттың видеосы:
Ұқсас жаңалықтар
Сібір жарасы: Атырауда орталық базардың ет павильоны жабылды
- авторТомирис Тоныкөк
- 6 желтоқсан, 2024
Келестегі анасы мен қызының өлімі: экс-мұғалімге сот үкімі шықты
- авторТомирис Тоныкөк
- 6 желтоқсан, 2024