«Келін қызыңдай болмайтынына көзім жетті»: Гүлзира Айдарбекова келіндер туралы айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 28 шілде, 2024
- 6.5k
Продюсер Гүлзира Айдарбекова келін туралы сөз қозғады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Гүлзира Айдарбекова келіндеріне қатысты айтып, өзінің жіберген қателігін айтты.
«Ауылдағы келіндерді қарасаң, таң атпай тұрады, отынға дейін жарады. Ата-енесінің суын, шайын дайындап жатады ғой. Ал біз ұйықтап алсыншы, жата тұрсыншы, кешке қыдырса барып келсінші деп тұрамыз. Көп жұмсалған келін әр нәрсенің қадірін біледі. Жұмсамай жағдай жасай беріп, сен оны аяғаныңмен, ол сені аямайды. Көзім жеткені сол. Қиналмасын деп, әрбір келінге көмекші аламыз, алғысы келгенін алып, жетпей жатқанын жеткіземіз. Бала-шаға, немерелердің киімдерін де бірден аламыз. Сол негізі дұрыс емес екен. Қиналғанның не екенін, ештеңенің қадірін білмейді. Қадірін білдірткен дұрыс, бірақ оған жүрегім шыдамайды. Санасына берсін, ата-енеміз барын жасап жатыр, жасаған жақсылығына лайық болайық десе жақсы. Оны көбінесе аналары айту керек қой», - деді Гүлзира Айдарбекова.
Айтуынша, ол қызды болуды армандаған екен.
"Менде қыз бала болған жоқ, сіңлім болған жоқ. Үйде жетінші баламын. Менің алдымда ең үлкен екі әпкем, содан кейін төрт ұл, одан кейін мен, менен кейін бір інім бар. Әпкелерім оқуда болды, мен ұлдардың ортасында өстім. Сіңлімнің болғанын қаладым. Менің де сіңлім болса ғой деп жылайтынмын. Кейіннен қыз армандадым. Келіндерім түскенде қызым сияқты болса ғой деп армандадым. Барлық жұмысымды игеріп кетсе, оған тапсырып, демалып жүрсем деп... Дастарқанымды жасап, қонағымды күтіп жатса деп ойлайтынмын. Негізі қызың болса, анасына жаны ашып, алып жүреді өзімен, барлық жағдайын жасайды ғой. Бәрібір келін қызыңдай болмайтынына менің көзім жетті", - дейді үш келіннің енесі.