«Ақтөбе-Қандыағаш» автожолы: көлік қозғалысына рұқсат берілді
- автор Томирис Тоныкөк
- 5 тамыз, 2024
- 267
Бүгін «Ақтөбе-Қандыағаш» төрт жолақты жолының сол жақ бөлігі пайдалануға берілді. Ұзындығы 96 шақырымды құрайтын автожолды қайта жаңарту А-27 магистралінің 11-100 км учаскесінде жүргізілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Автожолдың ресми ашылу рәсіміне Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, мердігер компаниялардың басшылары, жол бойында орналасқан елді мекендердің тұрғындары мен ауыл ақсақалдары қатысты.
«2024 жылғы ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылы республикалық жолдарда, атап айтқанда «Атырау-Астрахань», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Талдықорған-Өскемен» жолдарында жөндеу жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Ақтөбе облысында ұзындығы 96 шақырымды құрайтын «Ақтөбе - Атырау - Астрахань (РФ шекарасы) Республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қандыағаш» учаскесін қайта жаңарту аяқталуға жақын. Бұл - көлік дәлізі сұранысқа ие бағыт әрі елімізді Ресеймен байланыстыратын жол. Бүгін ашылып жатқан Алға айналма жолы тұрғындардың қатынасы мен тасымалына әлдеқайда жеңіл және ыңғайлы болады. Жаңа жол қауіпсіздік пен сапа стандарттарына сай салынған, ол облысымыздың дамуына үлес қосып, серпін беретініне сенімдіміз», - деп атап өтті облыс әкімі Асхат Шахаров.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің сөзінше, аталған автожолдың техникалық параметрлері ІІІ санаттан І және ІІ санатқа ауыстырылды.
«Қазіргі уақытта автожол бойында жабынның төменгі қабатын орнату бойынша жұмыстар толығымен аяқталды және жол жабынының жоғарғы қабаттарын төсеу бойынша соңғы жұмыстар жүргізілуде. 64 шақырым қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон төселді. Бұл барлық жұмыстың 66 пайызын құрайды. Сонымен қатар, трасса бойын абаттандыру жұмыстары қолға алынды. 77,8 шақырым жолға екі қабат асфальт төселді, қалған 18,2 шақырым жол биылғы жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда», - деді Дархан Иманашев.
Жобаны іске асыруға 3 асфальтбетон зауыты, шамамен 254 бірлік жол-құрылыс техникасы және 574-тен астам жұмысшы жұмылдырылды. Жоба аясында 15 көпір, 16 мал айдайтын өткел, 3 көлік айырығы, сондай-ақ 60 су өткізу құбыры салынды.
Айта кету керек, Ақтөбе облысы бойынша Республикалық маңызы бар А-27 «Ақтөбе-Атырау – РФ шекарасы (Астраханьға)» автомобиль жолының жалпы ұзындығы 326 шақырымды құрайды.
Сонымен қатар, өңір басшысы атап өткендей, биыл облыста жолдарды жөндеу және салуға 65,9 млрд.теңге қарастырылған. Осы қаражат есебінен 544 км автожол құрылысы басталды, оның ішінде жергілікті маңызы бар жолдар бойынша 66 жоба, 303 көшені қамтитын қалалық және ауылдық жолдар бойынша 115 жоба іске асырылады. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 322 км республикалық маңызы бар жолдар бойынша 7 жобаны жүзеге асыруға 42,6 млрд теңге бөлінді.