Қызылордада 16 жастағы қыз секс-құлдықта болған: жауапты адамдар жұмыстан қуылды
- автор Томирис Тоныкөк
- 16 тамыз, 2024
- 1.2k
16 тамызда Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналыс өткізіп, кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу фактісіне уақытында кедергі келтірмеген уәкілетті тұлғаларға қатаң шаралар қабылдауды қарамағындағылардан талап етті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап
Облыс әкімі бірнеше күннен бері әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген Қызылордадағы мектеп түлектерінің әрекеті талқыланып жатқанын атап өтті.
Нәлібаев бұл атышулы қылмыстан жарты жылға жуық уақыттан бері полиция департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы мен қызға сабақ беретін мұғалімдер бейхабар болғанын қатаң сынға алды.
"Әлеуметтік желілерде учаскелік полиция инспекторы мен мектептің ювеналды полиция қызметкері мәселеден хабардар болғандығы жөнінде ақпарат тарады. Негізгі салғырттық осы қызметкерлерден басталған. Өздеріне бекітілген аумақтағы ахуалды алдын- ала зерделеп, әр тұрғынды бақылауы тиіс еді. Бірақ, ондай жұмыс мүлде жүргізілмеген. Білім саласының мамандары да қызметтеріне немқұрайлы қараған. Мектеп басшылығы, педагогтер, мектеп инспекторы, өз міндеттеріңізді орындамағансыздар! Мектеп психологі, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагог, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және директор заң аясында қандай да бір нақты қадамға бармаған", - деді Нәлібаев.
Облыс әкімі оқушының сабақтан жиі қалатынына тиісті мамандардың назар аудармағанын, ата-анасымен тиісті деңгейде профилактикалық жұмыс жүргізбегенін, тек мәселені жасырып-жабуға тырысқандарын айтты.
"Бүгіннен бастап №7 мектеп – лицей директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологі, әлеуметтік педагогі, сынып жетекшілері жұмыстан босатылсын. Қызылорда қаласы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарына, қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс, бөлімнің тәрбие жөніндегі жауапты маманына жұмыстан босату шарасы қолданылсын. Білім басқармасының басшысына өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беремін. Өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде орындамаған мектеп инспекторы мен учаскелік полиция инспекторы, оны бақыламаған кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды полиция бөлімшесі, қалалық полиция басқармасы мен облыстық жергілікті полиция қызметі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы тікелей кінәлі. Осы орайда, жауапты мамандардың жауапкершілігін қарап, қызметінен босатуға дейінгі кадрлық шешімдер қабылдансын. Қабылданған шешімдер туралы жұмыс аяғына дейін баяндаңыз", - деді облыс басшысы.
Бала құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық уәкіл Жақсыгүл Тоғановаға облыстың білім беру ұйымдарындағы жұмыстарға талдау жүргізіп, дереу жұмыс тобын құру тапсырылды. Бұл ретте алдын алу шараларын қолданып, қолайсыз отбасыларды және тәулікке жалға берілетін пәтерлерді аралау қажет екені айтылды.
Аймақ басшысы оқиғадан зардап шеккен отбасына жан-жақты көмек көрсетуді, тергеудің барынша объективті жүргізілуін талап етті.
"Қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдарының объективті жүргізілуі міндеттеледі. Қылмысқа қатысы бар адамның барлығы заң аясында тиісті жауапкершілікке тартылатын болсын! Бұл мәселені тікелей бақылауымда ұстаймын", - дейді Нұрлыбек Нәлібаев.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысында 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені туралы ақпарат тараған еді.
"Немолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі 16 жастағы оқушыны сыныптастары ақпаннан бастап туыстарымен жезөкшелікке сатқанын, қыз - бір үйдің жалғызы екенін мәлімдеді.
"Ол ақпаннан бастап жоғалып кете бастаған, ата-анасы полицияға, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға іздеу үшін жүгінген, бірақ олар қызды іздемеген, ол аз болғандай ата-ана құқығынан айырамыз деп қорқытқан, қорыққан ата-ана қыздарын өздері іздеген", - деді ол.
"Немолчи" қорының жетекшісі ұсынған мәліметке сүйенсек, қыз ауық-ауық байланысқа шығып, видеомен хабарласып, кафеде даяшы немесе гүл сататын дүкенде сатушы болып жұмыс істейтінін айтқан. Ата-анасы айтылған жерге барғанда, ол жақтағылар қыздың жай ғана видео түсіріп, кетіп қалғанын жеткізген. Қыздың сөзінше, ата-анасы шу шығармас үшін оны осылай жасауға мәжбүр еткен.
Күні кеше оқушы қыздың үйіне күзет қойылды.