Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Ауыл ветеринарларының жалақысы 500 мыңға дейін өсірілмек

Ауыл ветеринарларының жалақысы 500 мыңға дейін өсірілмек
Сурет: depositphotos.com
Ауыл ветеринарларының еңбегі енді ескерусіз қалмайды. Жалақысы өсіп, әлеуметтік жағдайы жақсартылмақ.

Тіпті ғылыми дәрежесі бар мал дәрігерлеріне үстемақы төлеу көзделіп отыр. Құрылтай депутаттары осындай өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Ауыл-аймақтағы мал дәрігерлерінің еңбегі еленіп, жалақысы өсетін күн де жақын. Әсіресе ғылыми дәрежесі бар мамандардың айлығы едәуір артады. Депутат Серік Егізбаевтың айтуынша, оларға 17-ден 34 айлық есептік көрсеткішке дейін үстемақы төлеу жоспарланып отыр. Емдеу-сауықтыру жәрдемақысы ретінде екі лауазымдық жалақы да берілмек.

«Ветеринар мамандардың жалақысы орташа есеппен 220 мың теңгені қүрайды. Ал қазір заңды қабылдаған кезде, біз оны 500 мыңға дейін көтеріледі деп болжап отырмыз. Оның ішінде қосымша төлемақылары бар. Мамандардың қораға киетін киімдері де. Ол қазіргі таңда 200 мың теңге тұрады. Мамандар оны қазір өз қалтасынан сатып алады. Соған бюджеттен 1,8 млрд теңге қарастырылып отыр», - Серік Егізбаев, Құрылтай депутаты.

Өйткені ауылда ветеринар тапшы. Соның салдарынан жұмыс істеп жүрген мамандарға түсетін жүктеме көп. Ал бұл ветеринариялық іс-шаралардың уақтылы жүргізілуіне кері әсерін тигізуде. Құжатқа сәйкес, енді мал дәрілерінің, әсіресе антибиотиктер айналымы, препараттардың сапасы мен сатылымы бақылауға алынады. Ал ет пен мал өнімі сатылатын орындарда тұрақты тексеріс жүргізілмек.

«Мал өсірумен айналысатын ірі шаруашылықтар өз қаражатынан ветеринар мамандарды штатына енгізу қарастырылып отыр және осы мал иелеріне жүктелетін міндеттер, мал сойған жағдайда, не сатқан жағдайда үш күн ішінде және мал ауруға шалдығып өлген жағдайда бір тәулік ішінде, сырғасы, бірдеңесі жоғалса, үш күн ішінде хабарлауға міндетті»,- дейді Бота Елеусізова, Құрылтай депутаты.

Бұл саладағы мамандардың құқығы мен кәсіби мүддесін қорғайтын ветеринария палатасын құру көзделіп отыр. Ал мұның бәріне бюджеттен жыл сайын 27 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Заң жобасын Құрылтай депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар