«10 жыл бойы ішімдікке үйір болды»: Илья Ильин Алмас Өтешов туралы айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 19 тамыз, 2024
- 340
Ауыр атлетикадан әлемнің 4 дүркін чемпионы Илья Ильин әріптесі Алмас Өтешовтің соңғы он жылда ішімдікке әуес болғанын айтып, онымен қарым-қатынасы туралы сөз қылды.
Бұл туралы спортшы Рахым Ошақбаевқа берген сұхбатында айтты.
«Алмас Өтешов - менің досым. Кезінде екеуміз бірге жаттықтық. Бір командада болып, маған қолдау білдірген жандардың бірі. Өмірде кейде қиындыққа тап болатын кезеңдер болады. Алмастың осындай күйге түскені өкінішті. Ол 10 жыл бойы ішімдікке үйір болды. Алдыңғы сұхбатында көп шындықты айтты. Өкпе-реніші де бар. Алмас өзінің жан дүниесіндегі айқайды қоғамға жеткізгізісі келеді. Досым қазір клиникада ем қабылдап жатыр. Жағдайы жақсы. Оған қоғам барын берді, көмектесті, бірақ оны ол көтере алмады. Алмас ақылға келіп, ішімдік ішуден бас тартса - бұл біздің жеңісіміз болары анық. Ем алу процесі аяқталған соң, видеоға түсіріп бөлісетін боламын», - дейді Илья Ильин.
Сонымен қатар спортшы кезінде доппингке байланысты кері берген медальдары туралы да әңгімеледі.
«28 жасымда Олимпиадада иеленген екі медальды тартып алды. Сол уақытта не істерімді білмедім. Мұндай оқиға менің өмірімде алғаш рет болды. Федерациядан заңгер сұрап, әрі қарай күрескім келді. Бірақ соңына дейін бара алмадым, күреспедім. Өйткені өзімді құрбан ретінде көрсеткім келмеді. Сол кезде жалғыз қалдым. Маған бағыт-бағдар беретін адам болмады қасымда. Бәрі "ой, шыда" дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Швейцариядағы заңгерлерге де бардым. Бірақ ештеңе істей алмайтынын жеткізді. Кейде алтын медальдарымды қайтарып алуды ойлаймын. Жеңілсем де өмір бойы күресіп өтетін шығармын», - деді ауыр атлет өз өкінішін жеткізіп.