Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Ақтөбе: Спорт интернатында соққыдан көз жұмған жасөспірімге қатысты сот басталды

Ақтөбе: Спорт интернатында соққыдан көз жұмған жасөспірімге қатысты сот басталды
Сурет: Ашық дереккөздерден
Көз жұмған Бексұлтан Әбубәкір еркін күрестен спорт шебері болған

Ақтөбедегі спорт мектеп-интернатында әлімжеттік құрбаны болған жасөспірімнің өліміне қатысты сот басталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Осыдан төрт ай бұрын Бексұлтан Әбубәкірді жоғары сынып оқушылары ұрып өлтірген еді.

Жәбірленуші мен сотталушының жағынан алғашқы процеске келгендердің көбі залға сыймай қалды. Сотталушылардың кәмелетке толмағанын алға тартқан адвокаттары процестің жабық өтуін сұраған. Судья да мұны құптады. Қазір Есет батыр атындағы спорт мектеп-интернатының екі оқушысы айыпты деп танылып, олар жауап беріп жатыр.

Көз жұмған Бексұлтан Әбубәкір еркін күрестен спорт шебері болған. Егізінің сыңарымен мектеп-интернаттың сегізінші сыныбында оқыған. Оқу жылының аяғында жоғары сыныпта оқитындар сегізінші сыныптың он оқушысын бір бөлмеге тізіп қойып ұрып-соғады. Қатты соққыдан Бексұлтан көз жұмды.

Қайғылы оқиғаға дейін де спорт мектебінде әлімжеттік қалыпты үрдіске айналғанын балалар айтып отыр. Оқушы өлімінен соң облыстық спорт басқармасының басшысы, мектеп-интернаттың директоры мен оның орынбасары қатаң сөгіс алған еді. Төрт жаттықтырушы өз өтінішімен жұмыстан кеткен. Бексұлтанның анасы білім ошағының өкілдері мен басшылары жазасыз қалғанына ашулы.

«Мұғалімдерді, директорды, ешкімді жазалаған жоқ. Тек екі баланы соттатып қойды. Қалған бес бала қайда? Қалған мектеп, басқармасы, мұғалімдері қайда? Қайда қарап отыр? Мектепке сап-сау баланы жіберіп, сүйегін аламыз ба? Өсіп келе жатқан ұрпақ бір-бірімізге жау болып, өзімізді-өзіміз өлтіріп жатырмыз. Мектеп табалдырығынан шықпай көз жұмды, сол менің өзегімді өртейді», - Бексұлтан Әбубәкірдің анасы Зоя Базарбаева.


 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар