“Әннің тарихы тиіп кетті”: “Нұрлан мен Мұрат” дуэтінің әншісі арбаға таңылған кезін есіне алды
- автор Томирис Тоныкөк
- 2 қыркүйек, 2024
- 590
“Нұрлан мен Мұрат” дуэтінің мүшесі Нұрлан Әміров арбаға таңылған сәтін еске алды. Ол бейнебаяндағы оқиға тағдырында қайталанғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы әнші “EL.kz” Youtube арнасына берген сұхбатында әңгімеледі.
"Халыққа “Жұлдызым" әнінің клипі ұнады. Өмірден алынған оқиға. Продюсеріміздің досының басынан өткен жағдай екен. Сол желі бойынша түсірдік. Ол жігіт қазір қызымен жап-жақсы өмір сүріп жатыр екен. Қызы үлкен болып қалған. Кейде бізге сол әннің тарихы тиіп кетті ме деп те ойлап қаламын. Мен де қатты ауырып, белім сынып, арбаға отырып қалған кезім болды. Үш-төрт жылдай қатты қиналдым. Сол кезде достарымның бәрін жоғалтып алдым, ішімдікке жақын адамдар айналама жинала бастады, ішіп кеттім. Өнер жайына қалды. Сондай жағдай бастан өтті. Мұрат та белгісіз дертпен күресті. Екі жылдай ауырып қалды. Әннің тағдырын өзіміз сезініп көрдік. Біздің дүрілдеген кезіміз қайда қалды деп қатты ойландық. Сол кездегі достарымыз қазір жағдай сұрасып қана қоямыз. Бұрынғыдай араласпаймыз", – деді Нұрлан Әміров.
Өнер иесі арбада отырған жылдары салмағының күрт артып кеткенін айтты.
“Жасым 60-қа таяп қалды. Денсаулығыма әлі күнге дейін күтім қажет. Арбада отырған жылдары салмағым 143 келіге дейін жетті. Қазір салмағымды да бақылауда ұстаймын. Жүрек қағысым нашарлап кетеді. Қант диабетімен де ауырамын. Жүрегім шаншып, қаншама рет жан сақтау бөліміне жатып шықтым. Жүрегіме соғысын жақсартатын алты құрылғы қойды. Көп уақыт ауруханада жаттым. Содан салмағым 100 келіге түсті. Диетаның арқасында салмақ тастадым”, – деді әнші.