Сібір жарасы: Алматы облысында инфекцияны жұқтырды деген күдікпен 4 адам ауруханаға жеткізілді
- автор Томирис Тоныкөк
- 3 қыркүйек, 2024
- 618
Ұйғыр ауданында сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 4 науқас инфекцияны ауру малды сою кезінде жұқтырған.
“Аурудың нақты себептерін анықтау үшін ветеринариялық инспекция Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен, Полиция Департаментімен және облыс әкімдігімен бірлесіп науқастардың үйлерінен сойылған малдың шикізаты мен өнімдерінен, сондай-ақ сою орнындағы топырақтан сынамалар алды. Республикалық ветеринариялық зертхана алынған материалдарға биосынама микроскопиясы және полимеразды тізбекті реакция (ПТР) әдістерімен зерттеу жүргізді. Бактериологиялық зерттеулердің нәтижелері жақын арада дайын болады”, – деп мәлімдеді Алматы облысының әкімдігі.
Материалдар талдау үшін Алматыдағы Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталыққа жіберілді.
Қазір елдімекенде дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп, науқастардың жеке шаруашылықтары карантинге жабылды. Мамандар жануарларды күнделікті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әзірге аурудың клиникалық белгілері анықталған жоқ.
Дәрігерлер науқастардың жағдайын орташа ауыр деп бағалады.
“Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды. Инфекцияның негізгі көзі – ауылшаруашылығының ауырған малдары (ірі қара мал, жылқы, қой, ешкі). Сібір жарасының қоздырғышы адам организміне, негізінен, зақымдалған тері арқылы, сирек жағдайда – тыныс алу жолдары мен асқазан-ішек жолдарының шырышты қабаттары арқылы енеді. Инкубациялық кезең (жұқтыру сәтінен бастап аурудың белгілері пайда болғанға дейінгі уақыт) 2 күннен 14 күнге дейін”, – дейді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлы.
Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Марат Исмаилов инфекцияны жұқтыру қаупі бар адамдар тобы анықталғанын хабарлады. Олардың барлығы медициналық бақылауға алынған.
Ұқсас жаңалықтар
Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмек бағасы төмендейтінін мәлімдеді
- авторТомирис Тоныкөк
- 25 қараша, 2024