Жамбыл облысында емшіні күтіп алу үшін мұғалімдерден ақша жиналған
- автор Томирис Тоныкөк
- 6 қыркүйек, 2024
- 431
Әлеуметтік желіге тараған видеода емшінің Тұрар Рысқұлов ауданы Тереңөзек ауылының ортасында ұрандап келе жатқаны көрсетілген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
БАҚ-қа тараған ақпаратқа қарағанда, Жамбыл облысының Тереңөзек ауылында емші Гүлсара Суазқызы келіп кеткеннен кейін дау туындаған. Оның өзі Томирис есімімен танымал балгер. Жергілікті тұрғындар мұғалімдерден жиналған ақшамен оған құрмет көрсетіп, күтіп алған.
Тuraninfo.kz ақпарат көзінің журналистері Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Қанат Сматқа қоңырау шалған. Әкім “ол қонақтарды күтіп алу, жатар орынға жайғастыру, дастархан шығындарына аудан әкімдігінің де, біздің де еш қатысымыз жоқ” деп жауап берген.
Гүлсара Суазқызы бастапқыда мектеп директоры Зәкімбаева Эльмираға хабарласып, ауыл тұрғындарымен қатар, мектеп оқушыларымен кездескісі келетінін жеткізген.
29 тамыз күні Томириске мектеп тарапынан «Туған жерге тағзым» — «Мектепке жол!» республикалық қайырымдылық акциялары аясында іс-шара ұйымдастырылған. Мектеп басшылығы журналистерге ұстаздардан емшіні күтіп алу үшін ақша жиналғанын растаған.
“Талайды таңқалдырған” Томирис — Гүлсара Суаз қызы өзін ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мишель Нострадамус атындағы Проскопия ғылымдарының академигі деп таныстырған.