«Шындықты халыққа жеткізу керек»: Роза Рымбаева әріптесі Меруерт Түсіпбаеваның мінезі туралы сөз қылды
- автор Томирис Тоныкөк
- 18 қыркүйек, 2024
- 861
Отандық эстрада жұлдызы, халық әртісі Роза Рымбаева әріптесі Меруерт Түсіпбаева шындық үшін үнемі күресіп жүретінін айтты. Ол әріптесінің қайсар мінезіне тәнті екенін жеткізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Халық әртісі «Иірім» бағдарламасына берген сұқбатында әңгімелеп берді. Ұлын жалғыз өсірген Меруерт Түсіпбаеваны қазақтың мықты қыздарының бірі санайтынын айтты.
«Көрермен Меруертті әнші және кино-театр актрисасы ретінде жақсы біледі. Біз Меруерт екеуміз бір факультетте оқығанбыз. Біздің ұстазымыз, мектебіміз бір- Рәхилам Әбдірахманқызы Машурова. Ол менен кейінгі курста бітірді. Ол жасөспірімдер театрында көп жыл актриса болып еңбек етті. Соңғы уақытта кинодан да көріп жүрсіздер, эстрададан көріп жүресіздер. Жалпы мен Меруертті мықты қыздардың бірі деп санаймын. Себебі жалғыз өзі баласын өсіріп, оны шетелде оқытып, жақсы дайындап жатыр. Ана болғаннан кейін ең бірінші парыз– сол баланы жеткізу, жағдайын жасау. «Балам, балам» деп арасында шетелде тұрып келеді. Баласының өсіп жатқанына, оқуды жақсы бітіргеніне қуанып, бізге айтып жүреді. Біз де қуанамыз, біз де анамыз ғой», – деді ол.
Сонымен қатар Роза Қуанышқызы әріптесінің бойындағы жақсы қасиетін атап, оған шығармашылық табыс тіледі.
«Келіспей қалған дүниелерді ашық айтып тұрады. Ол жағынан белсенді, мен ол жағынан белсенді емеспін. Шындықты да біреу айту керек, халыққа жеткізу керек. Дұрыс па, бұрыс па, оны халық өзі біледі. Біз қазақ қыздары ұяңдау келеміз, «ұят-ау», «айтпай-ақ қояйыншы», «оны айтатын адамдар бар ғой» дейміз. Ал Меруерт оған тікелей шын жүрегімен араласады. Себебі адами позициясы, адами қасиеті үндемей тұра алмайды. Ол өзіне қатысты көп проблеманы да халыққа ашық айтады», – деді ол.