«Сен бомжсың»: Атырауда блогерлердің сөзінен кейін көз жұмған күзетшіге қатысты қылмыстық іс қозғалды
- автор Томирис Тоныкөк
- 19 қыркүйек, 2024
- 486
Полиция Атырауда блогерлердің ауыр сөздерінен кейін көз жұмған күзетшінің өліміне байланысты бұзақылық бабымен қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Марқұм «Мемлекеттік сараптама орталығында» жұмыс істеген.
«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Басқа ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», - деді Атырау облысының полиция департаменті.
Іс Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-тармағы «Бұзақылық» бойынша қозғалған.
Бұл баптың санкциясы – 3 мыңнан 7 мың АЕК-ке дейiн айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 3 жылдан 6 жылға дейiн бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру.
Еске салсақ, Атырауда блогерлер «Мемлекеттік сараптама орталығының» ғимаратына рұқсатсыз кірмек болған. Бірақ 56 жастағы күзетші Хәкім Иманиязов оларды турникеттен өткізбей қойған. Бұған ашуланған блогерлер күзетшіні «сен бомжсың» деп келемеждеп, видеоға түсірген. Көп ұзамай ер адамның миына қан шауып кетіп, қайтыс болған.