«Әкемді атады, досын мойнынан бауыздап тастаған»: Елдос Колобок балалық шағы жайында сыр шертті
- автор Томирис Тоныкөк
- 20 қыркүйек, 2024
- 825
Белгілі блогер, шоумен Елдос Колобок балалық шағын есіне алып, басынан өткен қиындықтарды айтты, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Бұл туралы ол Анар Батырханның “Taboo” бағдарламасында әңгімеледі. Блогер марқұм әкесінің қылмыскерлердің қолынан қаза тапқанын айтты.
“Үйленген кезде, немересі дүниеге келгенде әкем осыны көргенде ғой деп отыратын кездер болады. Осы жеткен жетістікті көргенде ғой деген өкініш болады. Болмайтын 500 мың теңге үшін өліп кетті. Біздің әкеміз кәсіпкер болған. Біздің өзіміз өзімізге бастық болып кететін қасиетіміз де сол әкемізден келген шығар. Етпен айналысаты. Өзінің серіктестері хабарласып, үлкен тоннада ет бар деген. Шымкент өңірінің Леңгір ауданы. Кішкентай кезімнен жек көретінмін. “Сол жақта ет бар, бар ақшаңды алып шық” деп хабарласады. Досы екеуі шығады. Біздің әкем көлік айдай алмайды. Жанында жан досы жүретін. Ол кезде жигули маркалы машинасы болатын. 500 мың теіге алып кеткен. Артында отырған орыс әкемді атады. Көлікті досы айдап келе жатқан. Досы көлікті тоқтатып, бұрылғанда оны мойнынан бауыздап тастайды. Мұнымен тоқтамайды. Леңгір деген жердегі қырдан көлікті өртеп, лақтырып жіберген. Біреуі 26 жыл, екіншісі 28 жылға сотталып кетті. Біздің әулеттегі адамдардың тізесінде тыртық болатын. Әкемді туыстары сол тыртығынан таныды. Біз екі бала қалдық, қасындағы досының 4 бала-шағасы қалды», - дейді Елдос әкесі жайында айтып.
Блогердің анасы 33 жасында жесір қалған. Марқұм әкесінің досының балаларымен әлі күнге дейін араласып тұратынын айтты.
“Ол кісілер де үлкен әулет болды, өсіп-өнді. Қазір араласып тұрамыз. Ол кісілердің баласының есімі Жанат. Біз онымен құрдаспыз. Тіпті, бала күнімізде түрмеге түсуді армандайтынбыз. Соларды өлтіріп, кек алуды ойладық. Әкем жақпен де араласып тұрамыз. Бірақ бала күнімде «неге бізге қарайласпады» деп туыстарыма ренжитінмін. Әкем қайтқаннан кейін, анам бірден намаз оқып кетті. Соңғы сәт көз алдымда. Әкем кетіп бара жатып “Сендер мамаларыңа, сен балаларға қара” деп айтты. Содан қайтып оралмады. Әкемнің сүйегіне анам өзі кірген. Ешкімнің батылы жетпеген, анам өзі кіріп, әкемді жуындырды. Анамның мықтылығына риза боламын. Сол кісі қиналмаса екен деймін. Талай қиындықтан өтті. Көшеде келе жатқанда ұрлықшылар сөмкесін, әмиянын алғанда бізді бауырына басып, жылап қалатын. Ешқандай қарсыласпай беріп жіберетін. Бауырым екеуміз анамызды қорғай алатын дәрежеге жетейікші деп өстік”, – деді блогер.