Алматыдағы тұрғын үй кешенінде қаза тапқан күзетшінің туыстары күдіктінің жындыханаға жатқанына наразы
- автор Томирис Тоныкөк
- 22 қыркүйек, 2024
- 539
Алматыдағы элиталы тұрғын үйінің күзетшісін 45 жастағы ер адам бірнеше рет көлігімен қағып, артынша аяусыз тепкілеген. Салдарынан күзетші ауыр жағдайда ауруханада көз жұмады, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сұмдық жағдайдың орын алғанына бес айға жуық уақыт өтті. Десе де марқұмның туыстары күдіктіге тағайындалған сот сараптамасына күмәнмен қарайды.
Нұрболды соңғы рет көрген Жоламан Жұмабекұлы оның рентгені қорқынышты жағдайда болғанын айтады. Сөзінше, сүйегінің барлығы бөлінген.
Тергеу жұмыстары 6 ай бойы жүргізілген. Бірақ күдікті әлі түрмеге қамалмаған, оған шизофрения диагнозы қойылған. Нұрболдың артында 2 ұл 1 қызы қалды. Отбасын асырау үшін жұмыс таңдамаған ол соңғы қызметінде небәрі 150 мың теңге айлық алған.
“Нұрболдың жерлеуінде адвокатпыз деп екі жігіт келді. Кешке қарай Нұрболды жерлеп біткеннен кейін 5 адам келді. 1 әйел 4 еркек болатын. Кіші баламды алып кетіп сөйлеспек болғанда рұқсат бермедім. Келгендер өлтірген баланың әке-шешесі екен. Туысқандар болып барлығымыз сөйлестік. Анасы менімен сөйлесіп отырды. 9 жыл бұрын қызы қайтыс болғанын, баласының ауырып қалғанын айтты. Оның екі қызы мен әйелі бар екенін де айтты. Ауырады, дерті бар демеді, қызым қайтыс болған соң, балам біртүрлі болып қалды деп айтты. Сізге ақша салайық, балаңыздың қырқын өткізіп берейік деді. Мен келіспедім”, – дейді марқұмның анасы.
Асқар Тастандиевтің әкесі прокурор әрі экс-депутат, ал анасы сауда-саттықпен айналысқан. Ал өзі бизнеспен айналысқан. Ажырасқан, екі баласы бар. Оның көршілерінің айтуынша, ата-анасы былығын үнемі жауып жүреді екен. Мұның алдында да тұрғын үйдің диспетчерін ұрып-соғып, күзетшілерімен жанжалдасқан көрінеді. Көршілері бірнеше рет учаскелік полицияға шағымданған.
Сол күні Нұрболға есік ашпауға бұйрық берілген. Куәгерлердің бірі Асхат Қонақбаевтың айтуынша, түнгі екі жарымда оларды диспетчер Нұрболды ұрып жатқанын айтып шақырған. Алайда олар барғанша күдікті ісін тындырған.
“Асхатпен оқиға орнына жүгіріп бардық. Қақпа қираған, Нұрбол қансырап жатқан еді. Нұрболдан “Кім жасады?” деп сұрағанда, Асқар жасағанын айтты. 14-қабаттағы жігіттің әрекеті екенін бірден түсіндік. Ол кезде Нұрбол тірі еді. Бірақ жағдайы ауыр болатын. Жедел жәрдемге салып жіберіп, артынан бардық. Оны отаға алып кіріп кетті, екі сағаттан кейін реанимацияға ауыстырды. Дәріханаға қажетті дәрілер алып келуге кеткенімізде дәрігер хабарласып, Нұрболдың көз жұмғанын айтты”, – дейді Самат Смағұлов.
Күзетшіні өлтірген күдіктінің денсаулығына байланысты сараптама нәтижесі шыққан. Алдын ала қойылған диагноз бойынша, күдікті органикалық сандырақ (шизофриния тәрізді бұзылыс), тұлғаның дисоциалды бұзылысы және тұлғаны эмоционалды тұрақсыз бұзылысына шалдыққан.
Алайда, марқұмның анасы күдіктінің мұндай диагнозбен қалай көлік айдап жүргеніне таңқалды.
Писхотерапев органикалық сандырақ адам жарақат алған соң пайда болатын мидың бұзылысы дейді. Бірақ ол психдиспансерде жатқанның бәрі шизофриник емес екенін атап өтті.