«Баланың өліміне басқаны кінәламаңыздар»: журналист суицид жасаған оқушылардың өліміне ата-аналарды кінәлады
- автор Томирис Тоныкөк
- 24 қыркүйек, 2024
- 1.9k
Белгілі журналист Бибігүл Дәулетбекқызы Алматыда көпқабатты үйдің шатырынан секіріп көз жұмған мектеп оқушыларына қатысты ойын жеткізді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Ол жасөспірімдерді өлімге итермелеген ешқандай ойын емес, бұған ата-аналардың өзі кінәлі екенін айтты.
“Алматыда тағы да 12 жасар қыз көп қабатты үйден секіріп қайтыс болды. Бір аптаның ішінде үш қыздың секіріп өлуі — трагедия. Бұл балаларды өлімге итермелеп жатқан ешқандай да ойын емес! Далбаса әңгіме! Немқұрайлылық! Иә, өздеріңіз жіберген қателіктер. Мектептегі буллиң, есірткі заттар және лудомания. Осылай кете береді”, — деп жазды ол.
Сондай-ақ, ол ата-аналарды баланың суицид жасауына басқаны кінәламауға шақырды. Керісінше, есірткі мен лудоманияға қарсы күресуді ұсынды.
“Себебін тереңнен қазыңыздар! Балаларыңыз сіздер жұмысбасты болып жүргенде далада небір сұмдық қылықтарды жасап жүргенін ұмытпаңыздар! Аналар, суицид жасаған баланың өліміне басқаны кінәламаңыздар! Олардың жауы – есірткі мен лудомания. Мықты болсаңдар, осы жыланның басын шабыңдар! Балаң ақша сұрай берсе, осы екеуінің бірімен ауырады деп ойлаңдар!”, – деді қоғам белсендісі.