"Посткеңестік елдердің ешқайсысында жоқ": Тоқаев президенттік мерзімге қатысты ойын айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 30 қыркүйек, 2024
- 700
Қ.Тоқаев «Еуразия кеңістігіндегі орнықты даму және қауіпсіздік» атты конференция қатысушыларына қоғамдық өмірдің барлық саласында жүзеге асырылып жатқан Қазақстандағы ауқымды өзгерістер жөнінде мәлімет берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, саяси реформалардың ең басты жаңалығы – конституцияда президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ереженің бекітілуі.
“Мұндай норма посткеңестік елдердің, тіпті одан тысқары мемлекеттердің ешқайсысында жоқ. Менің ойымша, Президентті бір рет жеті жылға сайлау – оның сайлауалды бағдарламасы мен реформаларын жүзеге асыруға жеткілікті уақыт. Оған қоса Президент – халық жалдаған мемлекеттік қызметкер. Елімізде Заң мен Тәртіп үстемдік құруға тиіс екеніне сенімдімін. Тек сонда ғана реформаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға қажетті жағдай жасай аламыз. Заң мен Тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі. Әділдікке қашан да, қай жерде де мұқтаждық бар. Біздің елде де солай. Қолға алған реформаларды іске асыру қаншалықты қиын болса да, діттеген мақсатымызға жетпей қоймаймыз. Оны ешкім тоқтатпақ тұрмақ, бағытынан жаңылдыра алмайды”, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достық байланыстарды нығайтуда білім саласының маңызы зор екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, қазір Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды.
“Бүгінде елімізде Ресейдің танымал жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстанда Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалын ашу жоспарланып отыр”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Естеріңізде болса, 2022 жылғы Конституциялық реформаға сай Қазақстанда президент 7 жылға бір мәрте ғана сайланады.