«Көзі көгеріп, мұрны қисайған»: Шерзат Болаттың әкесінің бет-әлпетіндегі өзгеріске қатысты қарындасы жауап берді
- автор Томирис Тоныкөк
- 16 қазан, 2024
- 1.7k
Соңғы күндері марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрмановтың бет-әлпетіндегі өзгеріс жұрттың назарын аудара бастады. Әлеуметтік желідегі видео-суреттерінен оның көзі көгеріп, мұрны қисайғанын байқауға болады. Көпшілікті алаңдатқан осы сұраққа Нұрмановтың қарындасы жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Перизат Нұрымованың сөзінше, қанды оқиға болған күні ағасы көзінен жарақат алған.
“Біріншіден, суретке түскенде дұрыс ракурс ұсталмай қалған, екіншіден, оның мұрны бұрыннан қисық еді. Дегенмен, оқиға болған күні, дүкеннен қашқан кезде бетіне бөтелке тиген. Қазір сіздер бетіндегі ісігі қайтқан түрін көріп жүрсіздер ғой, оның беті бірақ ісіп кеткен суреті бар. Бет-әлпетінде сол жарақаттан қалған көгерген іздері әлі тұр” – деді Перизат Нұрымова Ulysmedia.kz агенттігіне берген жауабында.
Ол белгілердің бұған дейін байқалмауын дұрыс түсірілмеген суреттермен байланыстырды.
“Өрт болған күндері де сондай болған. Фотоға жоғарыдан түсіргендіктен, байқалмаған болуы мүмкін. Ал мұрыны бұрын, үйде әйнек қойып жатқан кезде, әйнек құлап кеткен. Содан сынған. Одан кейін ешқандай жарақат, ешқандай күш көрсету болған жоқ” – деп түсіндірді Қаржаубайдың қарындасы Ulysmedia.kz-ке.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
Ал 15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті.