“Інісін қорғамақ болып бірнеше пышақ жарақатын алған”: Адвокат Шерзаттың ағасынан жауап алынғанын айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 22 қазан, 2024
- 315
Талғарда төбелес кезінде аяусыз өлтірілген 16 жастағы Шерзат Болаттың ісі бойынша пышақ жарақатын алған ағасы Нұрқанаттан бір күні бойы жауап алынған, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Бұл туралы жәбірленуші тараптың қорғаушысы Саида Тәуекелова мәлімдеді.
«Біздің заңгерлеріміз жауап алудан жаңа ғана шықты. Бүгін сұрақтарына Шерзаттың ағасы жауап берді. Ол пышақтан жарақат алу себептігінен қазір отыра және дұрыс тұра алмайды да, бірақ барлық сұрақтарына жауап берді», - делінген Шерзат Болатқа арналып ашылған парақшадағы жазбада.
Жазбада айтылғандай, Шерзаттың ағасы ұзақ жыл бойы медицина саласында қызмет еткен.
«Біз сіздерді оқыс оқиғадан зардап шеккендердің бірі, Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғаепбаевпен таныстырғымыз келеді. Ол 9 жылдан аса уақыт жедел жәрдем бригадасында реаниматолог болып жұмыс істеген. 2021 жылы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті авиация қызметінің АН-26 әскери ұшағы Алматы әуежайына қону кезінде апатқа ұшырағаны көптің есінде. Сол кезде Нұрғанат жанып жатқан ұшақтан екі әскери қызметкерді аман алып қалған. Сондай-ақ қызмет барысында ол әйелдерді шұғыл босандыруға қатысқан. Інісі Шерзат қайтыс болатын күні ол оны қорғамақ болып, бірнеше рет пышақ жарақатын алған», - делінген жазбада.