Ермұрат Бәпи ҰҚК-ге халықты көтеріліске шақыратын топ жұмыс істеп жатқанын ескертті (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- 20 қараша, 2024
- 85
Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бәпи әлеуметтік желіде парламент сенатының бұрынғы төрайымы Дариға Назарбаеваны мадақтайтын видео таралғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол бұны бұрынғы жүйені мадақтауды көздейтін саяси манипуляция деп атады.
"Жақында әлеуметтік желілерде парламент сенатының бұрынғы төрайымы Дариға Назарбаеваны мадақтайтын видео таралды. Оның "адамгершілік қасиеттері" басқалардан артық болса, ешкім дау айтпас еді. Алайда ол елде саяси маңызы жағынан екінші қызметті атқарғанын естен шығармауымыз керек. Сондықтан бұны бұрынғы жүйені мадақтауды көздейтін саяси манипуляция деп қабылдауымыз керек", - деп мәлімдеді Ермұрат Бапи.
Айтуынша, осындай әрекет арқылы олар қоғамға іріткі салуды көздейді.
"Қазір олар ұлттық дәстүрге қарсы идеология таратып, қарымта қайтару мақсатын көздейтін көңіл-күй енгізуге талпынып жатыр. Олардың мақсаты – әлеуметтік наразылық арқылы қоғамға іріткі салу. Олар танымал интернет-ресурстарды қаржыландырып, солардың платформаларын саяси толқулар тудыру үшін пайдаланып жатыр. Менде осы әрекеттер туралы инсайдерлік ақпарат бар", - деп мәлімдеді депутат.
Ермұрат Бапи ҰҚК-дан бұл адамдардың кімдер екені туралы қоғамға мәлімет берулерін сұрады.