Астанадағы төрт баланың қазасы: отбасы келесі жылы баспаналы болады
- автор Томирис Тоныкөк
- 20 қараша, 2024
- 288
Астана әкімі бірнеше күн бұрын өрттен зардап шеккен отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсету жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұған дейін елордада екі қабатты жеке тұрғын үйдің шатыры жартылай өртеніп, төрт бала қаза тапқан болатын. Астана әкімі баспанасыз қалғандарға көмек көрсету мәселесі қалай шешілетініне жауап берді.
«Отбасы тұрғын үй алу кезегінде тұр. Келесі жылы олардың кезегі келеді. Олар «көпбалалы отбасы» санатында тіркелгендіктен, сол кезекте қала береді», – деді әкім.
Сонымен қатар екінші отбасына қатысты мәселе де шешілетінін жеткізді.
«Бұл мәселе қарастырылып жатыр. Шешімін табамыз, екінші отбасына уақытша жатақхана берілді. Алдағы уақытта олардың баспана мәселесі шешіледі. Онда екі отбасы пәтер жалдап тұрған», - деді Жеңіс Қасымбек.
Естеріңізге сала кетейік, жантүршігерлік өрт 17 қараша күні таңертең болған еді. Жеке екі қабатты тұрғын үйдің шатыры жартылай опырылып өртеніп, төрт бала қаза тапты. Себептері анықталуда. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.