«Қазақстан – әлемдік сауда мен қарым-қатынасқа тәуелді»: CNN журналисі Тоқаевпен болған сұхбат жайлы пікір білдірді
- автор Томирис Тоныкөк
- 8 желтоқсан, 2024
- 88
CNN журналисі Джулия Чаттерлей Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған сұхбат жайлы пікір білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан Ресей, Қытай және Батыс арасындағы нәзік тепе-теңдікті ұстап тұр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Doha Forum конференциясының ашылу рәсіміне, соның ішінде Newsmaker Interview форматы аясындағы арнайы сессияға қатысты. Онда модератор – CNN журналисі Джулия Чаттерлейдің сұрақтарына жауап берді.
Мұнда Қазақстан президенті ең алдымен БҰҰ-ның тиімді жұмыс істеуінің маңыздылығы мен орта деңгейдегі мемлекеттердің рөлі артып келе жатқанын атап өтті.
"БҰҰ – әмбебап ұйым ретінде адамзатқа аса қажет, оның баламасы жоқ. Өкінішке қарай, ірі державалар жаһандық бейбітшілікті анағұрлым қауіпсіз ете алмады. Қазіргі заманғы шындық, әрине, Қазақстанды қоса алғанда, көптеген елді алаңдатып отыр. Сондықтан БҰҰ-ға реформа қажет. Біз ірі державалар арасындағы байланыстарды қалпына келтіру маңызды деп санаймыз. Олардың болмауы өкінішке қарай Қауіпсіздік Кеңесін тығырыққа тіреді. Қазақстан сияқты орта деңгейдегі мемлекеттер өңірлік және жаһандық деңгейде бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуде өте маңызды рөл атқара алады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл жағдайларда үлкен мемлекетті басқарудың оңай емес екенін және өзінің лауазымындағы қиындықтарды мойындайтынын атап өтті.
Сонымен қатар журналист мемлекет басшысының АҚШ-тың сайланған президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескенін атап өтті. Әңгіме барысында Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілік мәселелері және басқа да маңызды тақырыптар талқыланған.
Джулия Чаттерлейдің айтуынша, Қазақстан Ресей, Қытай және Батыс арасындағы күрделі жағдайды тепе-теңдікті шебер ұстап тұр.
"Президент жастарға үлкен үміт артады. Маған оның әлемде болып жатқан жағдайларды көру және саяхаттау мүмкіндігі туралы айтқаны ұнады. Болашақ көшбасшылардан бізге дәл осы қажет. Ол өз ойларын өте ашық жеткізіп, қиындықтарды адал мойындайды. Оның орнында болу мүлдем оңай емес. Қазақстан – үлкен ел, адамдар көп нәрсені, жақсы өмірді қалайды. Бірақ әлемдік сауда мен қарым-қатынасқа тәуелді", – деді CNN журналисі Джулия Чаттерлей.
Ұқсас жаңалықтар
«Бәріміз де қыз асырап отырмыз»: Мәжілісте қыз алып қашу мәселесі көтерілді
- авторТомирис Тоныкөк
- 4 желтоқсан, 2024