«800 миллион теңге бөлген»: Алматы жаңа жылдық безендіруге ақшаны аямаған қалалардың көшін бастап тұр
- автор Томирис Тоныкөк
- 18 желтоқсан, 2024
- 18
Еліміздің бар өңірінде жаңа жылдық шыршаны жарыса орнатып жатыр. Оған қалалар мен аудандар алдын ала бюджеттен ақша бөліп қамданған. Биыл алматылық шенеуніктер жаңа жылдық безендіруге қазына қаржысын аямапты. Шыршаға ақшаны көп жұмсайтын шаһарлардың тізімінде Астана екінші орынға жайғасқан. Ал ақтөбелік шенеуніктер қоймада жатқан шыршаны кәдеге жаратып, қазынадан бір тиын да бөлмеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Ақтөбе қаласын жаңа жылдық безендіруге соңғы рет бюджеттен ақша алты жыл бұрын бөлінген. Содан бері жасанды шыршаны күтіп ұстап, жыл сайын кәдеге жаратып келеді. Биыл да бір тиын бөлмей, жылдағы үрдісті ұстанған жөн деп шешкен.
«Ақтөбе қаласының жаңа жылдық безендіру осы аптада басталып жатыр. Биыл бюджеттен жаңа шырша сатып алуға қаражат бөлінген жоқ. Себебі: бізде бұрыннан шыршалар бар. Сол шыршаларды қоямыз. Одан өзге қаланың кәсіпкерлері өз аумақтарында, ғимараты, дүкені тұрған аумақты безендіре бастады», - деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы
Айгүл Бәйменова.
Маңғыстау орталығына жаңа жылдық безендіруге 76 миллион теңге жұмсалатын болды. Осы ақшаға тендер ұтқан компания 25 метрлік екі шырша алып келген. Оны Каспийдің жағалауына және мұражай алдына орнатпақ. «Былтыр қойылған шыршалар бүлініп, жарамай қалды» - дейді әкімдіктегілер.
«11, 12, 14-ші шағынаудандарда жол бойындағы жасыл желекке, ірі ағаштарға тиісті гирляндалар ілінеді. Қалада ұзындығы 25 метр, екі ірі шырша орнатылады», - деді Ақтау ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Бисенов.
Астана қаласын жаңа жыл қарсаңында безендіру осындағы алты ауданның әкімдігіне жүктелген. Бәрінің бірге жұмсайтын қаражаты 700 миллион теңгеге жуық. Оның ішінде шаһардың қақ ортасындағы Есіл ауданының бюджетіне салмақ көбірек түсіп отыр. Жасыл шырша орнатып, мұздан мүсін жасап, арнайы алаң салуға 183 миллион теңге бөліпті.
«Есіл ауданында негізгі орындарда мерекелік шыршалар орнатылды. ЭКСПО аумағындағы 23 метрлік шырша, ол жерде, сонымен қатар, екі сырғанақ және мұз айдыны жасалды. Шыршалар Дөңгелек алаңда, Ботаника бағында және «Пригородный» тұрғын алабында орнатылды. Дәл осы жерде қысқы ойын-сауыққа арналған сырғанақ та қойылды», - деді Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің орынбасары Алдауов.
Жаңажылдық безендіруге ақшаны аямаған қалалардың көшін Алматы бастап тұр. Оңтүстік астананың әкімдігі қаланы безендіруге 800 миллион теңге бөлген. Оған сексеннен астам шырша, үш жүзге жуық жарық инсталляциялары, ертегі кейіпкерлері мен мерекелік символдар орнатылады.
3,6 балл: Жамбыл облысында жер сілкінді
Ұқсас жаңалықтар
жетісайда мия өсімдігін өңдейтін ерекше кәсіпорын іске қосылды
- авторkyn.kz
- 5 желтоқсан, 2024
Мақтааралдағы индустриалды аймақта жаңа өндіріс орындары ашылды
- авторkyn.kz
- 5 желтоқсан, 2024