Ақтаудағы ұшақ апаты: 25 жолаушы аман қалып, 5 адам жансақтау бөлімінде жатыр
- автор Томирис Тоныкөк
- 25 желтоқсан, 2024
- 256
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан 25 адам аман қалған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.
“Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болды. Зардап шеккендер бойынша ақпарат нақтылануда. Алдын ала аман қалған 25 адам бар, оның ішінде 22 адам ауруханаға жеткізілді. Барлығы ТЖД, МӨСҚ, ПД-ның 150 жеке құрамы, 45 бірлік техникасы жұмылдырылды. Жолаушылардың тізімі нақтылануда” делінген хабарламада.
Облыстың денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сай, оқиға орнына 22 жедел жәрдем бригадасы және 6 ЦМК (апаттық медицина орталығы) бригадасы жіберілген.
“Облыстық көпбейінді ауруханада 30 хирургиялық және травматологиялық профильдегі төсек-орын мен 10 реанимациялық төсек-орын дайындалды. Облыстық балалар ауруханасы 20 төсек-орын мен 10 реанимациялық төсек-орын дайындады. Қазіргі уақытта МОБ-қа 14 жарақат алған адам жеткізілді, қабылдау бөлімінде сұрыптау жүргізілуде. 14 адамнан 5-і ауыр жағдайдағы науқастар реанимацияға жатқызылды. ОДБ-ға 11 жастағы бала түсті, қабылдау бөлімінде тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ тағы 16 жастағы бір бала жеткізіліп жатыр”, - делінген соңғы хабарламада.
Baza телеграм арнасы бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ бортында болған адамдардың толық тізімін жариялаған.
Жарияланған ақпаратқа қарағанда бортта қазақстандықтар да болған. Ұшақтағы жолаушылардың денін Әзербайжан азаматтары, одан кейін Ресей, Тәжікстан, Қырғыстан азаматтары құрайтыны айтылады.
Ал Қазақстанның көлік министрлігі бортта 37 Әзірбайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болғанын мәлім етті.