2024 жылдың соңғы күндерінде әр жерде бірнеше ұшақ апаты орын алды
- автор Томирис Тоныкөк
- 30 желтоқсан, 2024
- 245
2024 жылдың аяқталуына жақындағанда әлемде бірнеше әуе апаты болды. Бір тәулікте үш жолаушы ұшағы құлады, апатты жағдайда қонды. Оңтүстік Кореяда әуе кемесі қона берген сәтте дөңгелегі шықпай қалып, бетон қоршауға соғылған. Ұшақ сол мезетте отқа оранып, ішіндегі 179 адам ажал құшты. Қайғылы оқиғадан кейін жергілікті билік бір апта аза тұту күнін жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК сайтына сілтеме жасап.
Оңтүстік Кореядағы трагедия қазір бүкіл әлем назарында. Boeing 737–800 лайнері Тайландтан ұшып шығып, Сеул маңындағы Муан әуежайына қонуы керек еді. Бірақ әуе кемесі жолаққа дөңгелегімен емес, темірімен түсіп, сырғанаған күйі қоршауға соғылған. 179 адамның өмірі сол мезетте қиылды. Тірі қалған тек екі адам. Періштесі қағып аман қалған жолаушы мен экипаждың бір мүшесі ұшақтың ең артында отырған екен. Қайтыс болғандардың тек екеуі Тайланд азаматы. Қалған 173-і — корейліктер. Әзірге мамандар апатқа екі себеп келтіріп отыр.
Бірі — әуеде соқтығысқан құстардың кесірінен десе, екіншісі — қолайсыз ауа райы.
Ал Канадада болған оқиғада жолаушылар іштен түсіріп алған видеода ұшақтың бір қанаты лаулап жанып бара жатқанын көруге болады. Атлант мұхитының үстінен ұшып келген әуе кемесі әуежайға қона берген сәтте, дөңгелегі сыртқа шықпай қалған. Жерге соғылған сол жақ қанатынан өрт шығыпты. Абырой болғанда жолаушылардың бәрін дер кезінде шығарып үлгерген.
«Бір сәтте ұшақтың қанаты жерге ұрылғанын сездім. Бір жақ дөңгелегі мүлде шықпай қалды. Біз солға қарай құлдилап жүріп бара жаттық. Содан кейін от шықты», - деді жолаушы Стив Махар.
Норвегияның астанасы Осло қаласынан Амстердамға бағыт алған ұшақ та діттеген жеріне сол күйі жете алмады. Көкке көтерілген сәтте ақау шығып, жақын маңдағы әуежайға қонуға мәжбүр болды. Оның өзінде де жолақтан шығып кетіп әрең тоқтаған. Ешкім зардап шекпеген.
Ақтаудағы, Кореядағы трагедиядан кейін ел-жұрт ұшақтың артқы жағына отыруды жөн санап жүр. Онысы бекер емес. Соңғы әуе апаттарынан тірі қалғандардың басым бөлігі сол құйрық бөлігінде отырғандар. Алайда «ұшақтың артқы жағы ғана қауіпсіз» дегенмен сарапшылар келіспейді.
«Егер ұшақ ұзын болса, апат кезінде ортасынан бөлініп кетуі мүмкін. Ондай кезде қауіпсіздік белбеуін тағып, арт жағында отырған жолаушылар аман қалады. Ал ұшақ көкке көтеріле берген сәтте қозғалтқышы істен шықса, әуе кемесі жер бетіне құйрық бөлігімен соқтығысады. Ондай кезде ұшақтың алдыңғы бөлігінде отырғандар тірі қалады. Сондықтан адамның аман қалуы ұшақтың жер бетіне қалай соғылғанына байланысты», - деді Әнуар Даянов SCAT әуекомпаниясы ұшу қызметінің директоры.
«Ұшақтың артқы жағына отырсам, аман қаламын» деген пікір, сонымен қате болды. Себебі, апаттың неден келіп, немен аяқталатынын болжай алмайсың. Түптеп келгенде, қанша жерден сақтанып, орын таңдап отырудан пайда жоқ. Бастысы, қауіпсіздік шараларын сақтап, бортсеріктің айтқанын істеу дейді сарапшылар.
Айта кетейік, негізінде, ең қауіпсіз көлік түрі әуе кемесі болып саналады.
Ұқсас жаңалықтар
Саудам жақсы жүруі үшін, берекелі табыс болуы үшін қандай дұға оқыған дұрыс
- авторkyn.kz
- 7 қаңтар, 2025