Алматыда күзетшіні аяусыз өлтірген экс-депутаттың ұлына қатысты іс сотқа жіберілді
- автор Томирис Тоныкөк
- 5 қаңтар, 2025
- 674
Алматыдағы "Меркур Тауэрс" тұрғын үй кешенінің күзетшісін бірнеше рет көлігімен қағып, соққыға жыққан экс-депутаттың ұлына қатысты қылмыстық іс Алматы сотының қарауына жіберілді, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Алматы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5) тармағы ("Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру") және 147-бабы 5-бөлігі ("Адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз тарату") бойынша сотқа берілген Т.-ға қатысты қылмыстық іс келіп түсті. Бірінші эпизод бойынша сотталушы 2024 жылдың наурызында Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінің күзетшісін өлтірді деп айыпталып отыр", – делінген хабарламада.
Бұдан басқа тергеу сотталушыға өзінің танысы А.-ның қатысуымен түсірілген порнографиялық бейнематериалдарды әлеуметтік желілер арқылы таратты деген айып тағып отыр.
Сот отырысының уақыты белгіленбеген.
Айта кетсек, ер адамның жол талғамайтын көлігімен күзетшіні бірнеше рет қағып, кейін көлігінен түсіп оны соққыға жыққан әрекеті видеоға түсіп қалған. Ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген күзетші сол жерде көз жұмды.