«Көлікті бес минуттан артық қыздырсаң — айыппұл»: депутаттар заң нормасына қарсы шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- 15 қаңтар, 2025
- 504
«Көлікті бес минуттан артық қыздырсаң, айыппұл арқалайсың» деген нормаға депутаттар да қарсы шықты. Мәжілісмендер кезінде өз әріптестері мақұлдап енгізген норманы алып тастау қажет деп санайды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Ақжолдықтардың атынан депутат сауалын жолдаған Серік Ерубаев қысы алты айға созылатын солтүстік өңірлерде көлікті жылытуға бес минут аз екенін тәптіштеп, мысалмен түсіндірді. Қисынсыз айыппұлдар, түптеп келгенде, кәсіпкерлер мен қарапайым көлік жүргізушілерінің қалтасын қағады. Климат жағдайына алаңдаған Үкімет бұл мәселені шешуде басқа баламалы жолдарды ұсынуы керек дейді. Негізі ел арасында енді қызу талқыланғанымен, заң жаңа емес. Көлікті бес минуттан артық уақыт оталдырғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабы 1-бөлігіне сәйкес, жаза бұрыннан қарастырылған. Айыппұл шамамен 20 мың теңге. Тек мұндай жаза азаматтардан шағым түскен кезде және арнайы бейнежазбамен расталған жағдайда ғана қолданылады.
«Мысалы, үйдің жанындағы дүкендерге көліктерден тауар тиеу және түсіру, әдетте бес минуттан көп уақыт алады. Ал -20 градуста қозғалқышты өшіріп қою — қисынсыз немесе балаларды мектеп, балабақшадан алған кезде суық салонға қалай отырғызасыз? Жалпы орталық және солтүстік аймақтарда қатты аяз болғанда машинаны жылытуға бес минуттан көп уақыт кететіні айдан-анық», - дейді Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев.
Ұқсас жаңалықтар
Әскерде жүріп мүгедек болған Ербаян Мұхтар елге оралатын болды
- авторТомирис Тоныкөк
- 27 қаңтар, 2025
Павлодарда мұғалім оқушының арқасын шегемен нұқыған (ВИДЕО)
- авторТомирис Тоныкөк
- 27 қаңтар, 2025