Семейде шырша безендіру кезінде құлаған ұстаздың ем-дом шығыны толық өтелетін болды
- автор Томирис Тоныкөк
- 17 қаңтар, 2025
- 616
Семейде биіктен құлаған ұстазға мектеп директоры «шырша безендіруге барасың» деп бұйрық бергені анықталды. Сондықтан Қуат Айтқалидың ем-домына жұмсалған шығын толық өтелетін болады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Қазір бір ажалдан аман қалған мұғалім үйінде ем-дом алып жатыр. Оның құлан-таза айығып кетуіне кемі жарты жыл керек дейді дәрігерлер. Себебі, Қуат Айтқалидың сынған бас сүйегінің орнына екі айдан кейін пластмасс салынады. Ал осы оқыс оқиғадан кейін тексеріс жүргізген еңбек инспекциясы жазатайым жағдайға жұмыс беруші кінәлі дейді. Өйткені шырша безендіруге мектеп директоры жұмсаған екен. Сондықтан жәбірленуші ақылы түрде емделсе, кеткен барлық шығын төленеді, дейді арнайы комиссия өкілдері. Сондай-ақ мұғалімге жалақысы да әлі төленіп жатыр. Ал еңбек инспекторлары тексеріс қорытындысын құзырлы органдарға жолдаған.
«Бұл жерде актті жасалынды, тиісті құжаттар толтырылды. Енді құқық қорғау органдарына жіберіледі. Өйткені ҚР ҚК 156-бабына сәйкес, жұмыс берушілер еңбек қорғау ережесін бұзған», - дейді Абай облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Тоқтарбек Түсіпбаев.