Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

«Американың алтын дәуірі басталды»: Трамп жаңа заңдар енгізіп, 80-ге тарта бұйрықтың күшін жойдырды

«Американың алтын дәуірі басталды»: Трамп жаңа заңдар енгізіп, 80-ге тарта бұйрықтың күшін жойдырды
Сурет: РИА Новости
Жаңа Президент АҚШ тарихында болмаған әскери күш құруды жоспарлап отыр

АҚШ-тың жаңа президенті Ақ үйдің табалдырығын аттай бере, бірталай жарлық шығарды. Дональд Трамп жарты күнде жаңа заңдарды енгізіп, бұған дейін Байден қол қойған 80-ге тарта бұйрықтың күшін жойған. 47-ші президент алдымен Мексикамен арадағы шекарада төтенше жағдай жариялады. АҚШ -та дүниеге келген шетелдіктердің балаларына туу құқығы бойынша азаматтық оңайлықпен берілмейтін болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығатынын және Америка оны бұдан былай қаржыландырмайтынын жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.

Дональд Трампты ұлықтау рәсімі ашық алаңда емес, Капитолий ғимаратының ішінде өтті. Бұған ауа райының қолайсыздығы себеп болды. Ол салтанатты шараға экс-президент Байденмен бір көлікте келді. Бұл ретте төрт жыл бұрын Трамптың Байденді ұлықтау рәсіміне қатыспағанын айта кетейік. Қызметіне кіріспес бұрын, әдеттегідей, АҚШ-тың жаңа басшысы халықтың алдында ант берді.

«Президент ретінде өз міндеттерімді адал атқаруға, қолымнан келгеннің бәрін жасауға, АҚШ Конституциясын сақтауға әрі қорғауға ант етемін».

Қазір күллі әлем назары АҚШ-та. Себебі, қайта сайланған Дональд Трамп салтанатты шара біте сала, маңызды өзгерістерді бастап кетті. Ол бірден Байден әкімшілігінің жұмысын жоққа шығарып, бұрынғы Президент қол қойған 80-ге тарта құжаттың күшін жойдырды. Заңсыз мигранттармен күресу үшін ол Мексикамен арадағы шекарада төтенше жағдай жариялады.

«Ең алдымен, мен еліміздің оңтүстік шекарасында төтенше жағдай жариялаймын. Елге заңсыз кіру тоқтатылады. Біз миллиондаған шетелдікті өз еліне қайтару процесін бастаймыз. Мен әскерді оңтүстік шекараға жібере отырып, елімізге болатын апатты басып кіруді тоқтатамын», - АҚШ президенті Дональд Трамп.

Бұған қоса, Трамп елде энергетикалық төтенше жағдай жарияламақ. Мұндағы мақсат — Американы әлемдегі ең көп мұнай мен газдың қорына ие елге айналдыру. Жаңа президент салық пен инфляцияны азайтып, жалақыны өсіруді, ал сөз бостандығын қалпына келтіруді көздеп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан да бас тартты. АҚШ-та енді тек ер пен әйел жынысы ғана ресми мойындалады. Осылайша Трамп көпшілікті Американың «Алтын ғасыры» басталғанына сендірді.

«Американың алтын дәуірі дәл қазір басталды! Бүгіннен бастап еліміз қайтадан гүлденіп, әлем құрметіне ие болады. Біз барлық елдер үшін қызығушылықтың нысаны боламыз және ешкімге бізбен манипуляция жасауға мүмкіндік бермейміз, - деді АҚШ президенті Дональд Трамп.

 Жаңа Президент АҚШ тарихында болмаған әскери күш құруды жоспарлап отыр. Бірақ елді қажетсіз соғыстарға араластырмайды.


 

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар