«Өтірік ажырасып, үй кезегінде тұрған»: Мәжілісте оңай пайда табатындардың мәселесі қозғалды
- автор Томирис Тоныкөк
- 22 қаңтар, 2025
- 208
Өтірік ажырасу белең алған. Мәжілісте мемлекеттен көмек алу үшін заң жүзінде некесін бұзып, ал шын мәнінде, бір шаңырақ астында тұратын жұбайлардың жайы айтылды. Мұндай отбасылар нағыз мұқтаж жандардың жолын кесіп отыр дейді депутаттар, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
«Өтірік ажырасқандардың көздегені – оңай жолмен пайда табу. Мәселен, 2015 жылы ресми ажырасып, мемлекеттен көмек алып, әлеуметтік осал топтың қатарына еніп, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларда 2017, 2020 жылы ортақ балалары дүниеге келіп, әкесінің тегін алған. Тіпті ағайын-туысы да, көрші-қолаңы да олардың ешқашан ажыраспағанын айтады», - Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы.
Мемлекеттен жәрдемақы мен түрлі жеңілдікті алу үшін өтірік ажырасатындардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлер де бар дейді депутат. Олар некені заң жүзінде бұзу арқылы тегін үйдің кезегіне тұрып алады. Кейбірі зәулім үйінің бар екеніне қарамастан, атаулы әлеуметтік көмекті де қалтасына басып отыр. Депутат жалған ажырасуды алаяқтықпен теңестірді.
Өкінішке қарай, «Неке және отбасы туралы» заңда тек құжат жүзінде өтірік ажырасуды реттейтін бап жоқ. "Сондықтан бұл заңды жетілдіретін кез келді. Мемлекеттік тіркеусіз жасалатын діни және азаматтық некені реттеудің де тетігін қарастыру қажет" - дейді Жарқынбек Амантайұлы.